Жамбыл облысында жер сілкінісінен кейін 100-ден аса нысанға зақым келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жер сілкінісінен кейін 100-ден аса нысанға зақым келген

29.03.2025

Жер сілкінісінен кейін зақым келген нысандардың саны арта түсті. Үкіметтік жұмыс тобы бүгін аудандарды аралап, жалпы саны 100-ден аса нысанды ескепке алды. Алайда олардың барлығы бірдей бүлінді деуге болмайды. Арнайы комиссяи нақты нәтижесін сәуір айының басында жария етпек. Данияр Әлімқұл апаттың екінші күнінде ел ішін аралап қайтты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мамандар қабырға жарықтарын қарап, ел ішінде есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғын үйлер тұруға жарамды ма, жоқ па, комиссия шешімінен кейін белгілі болмақ.

Аймаққа Астанадан арнайы келген жұмыс тобы зілзаладан зақымданған тұрғын үйлерді көрді. Әлеуметтік нысандардың жай-күйін есепке енгізді. Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Бейсекүл Айымбекованың баспанасы бірнеше жерден бүлінген. Бала шағаны далада қалдырмай, үйді қалпына келтіреміз деген комиссияның сөзіне үміт артып отыр.

Бейсекүл Айымбекова, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

Жер сілкінісінен кейін осындай 4 бөлмемнің қабырғалары жарылды. Үкіметтік жұмыс топтары келіп, кетті. Бәрін тексеріп, жасап береміз деп, сызып бәрін істеп береміз деп жатыр.

Бүгінге дейін баспанамыз бүлінді деген 107 азаматтан арыз түскен. Бір қызығы бес балдық тербеліс тіркелген Меркі ауданына қарағанда, 4 балдық дүмпу болған көрші ауданнан шағымданғандар көп. Сондай-ақ, Үкіметтік жұмыс тобы анықтағандай 17 әлеуметтік нысан зақымданған.

Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

Оны да қарап жатырмыз. 97-сі Тұрар Рысқұлов ауданы, қалғаны осы Меркі ауылы. Қазір де мүмкін кешке дейін көбейеді. Ертең де түсетін шығар деп ойлаймыз. Сол үшін оны біз тосамыз. Комиссия осы 31 наурызда бітіру керек жұмысын.

Қазір тербеліс қатты сезілген екі ауданда ТЖ қызметінің 65 маманы мен 50 ге жуық техникасы дайын тұр. Бірақ қауіп жоқ. Өңірдегі стратегиялық маңызды нысандарға зақым келмеген. Арнайы комиссия бірнеше күннің ішінде жедел әрекет етіп, нақты шешімдер қабылдайтын болады.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кешегі жер сілкініс жағдайы бір рет емес, екі рет болды. Енді біз депутаттар осы барлық шараларды бақылауда ұстап, халықтың мәселелерін тезірек шешуге барлық күшімізді саламыз.

Ал Алматыдан келген сейсмологтар ел ішін аралауға енді кіріспек. Олар қазір болжау станцияларының жай-күйін тексеріп жүр. Алатау баурайынан келген мамандар Жамбылда енді жер сілкінісі қайталанбайды деп сендіреді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу