Қызылорда облысындағы ауылда Абай шығармашылығы дәріптелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы ауылда Абай шығармашылығы дәріптелді

03.03.2025

Қызылорда облысында көпұлтты 3-интернационал ауылы бірлігі жарасқан елдімекен. Бүгінде түрлі этнос өкілдерінің балалары қазақ әдебиетін сүйіп оқып, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа біледі. Алғыс айту мерекесіне орай мектепте ұлы ақынның шығармашылығы дәріптеліп, оқушылар арасында байқау өтті.

Айшықты мерекеде балалар мектепке ұлттық киімдерін киіп келіп, салт-дәстүрін насихаттады. Білім ошағында оқу маусымы биыл ұлы Абайдың 180 жылдығына арналып отыр. Қара сөздің патшасы атанған ақынның өлеңдерін оқушылар жарыса жатқа айтып, түрлі этнос өкілінің қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігі тәнті етті.

Сабина Расимова, оқушы:

Ұлы ақын Абайдың өлеңдері, қара сөздері айтылып жатыр. Менің сыныбымда көпұлтты достарым бар. Түріктер де, қазақтар да, кәріс пен неміс те бар. Бәріміз тату өмір сүріп жатырмыз.

Байқауға 30-ға жуық оқушы қатысты. Балалар қарасөз бен өлең оқып қана қоймай, Абайдың өмір жолы туралы эссе жазып, бәйгеге түсті. Ал өнерлі өрендер нақышына келтіре әндерін шырқады. Мектепішілік сайыста үздік атанғандар облыстық, республикалық байқауларға жолдама алды.

Дильфура Байрақтарова, мектеп директорының орынбасары:

Біздің мектебімізде 11 ұлт өкілі оқиды. Қазақ тілін оқуға, насихаттауға қызығушылық бар және де сүйсініп оқиды.

Аядай ауылдан халықтар достығының жарқын үлгісін көруге болады. Көпұлтты болса да, қазақылықтың иісі аңқитын елдімекен тұрғындарының қашанда бірлігі бекем, тірлігі көркем.

Әділбек Серікұлы



Хабарламаларға жазылу