Көнерген қойылым, тозған театр: Шымкенттегі сахна өнері әдебиеттен алшақтап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көнерген қойылым, тозған театр: Шымкенттегі сахна өнері әдебиеттен алшақтап кетті

27.02.2025

Шымкент қаласындағы 95 жылдық тарихы бар, академиялық мәртебеге ие Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры бай шежіре мен мол тәжірибеге лайық өнер көрсете алмай келеді. Өнер ұжымы өткен маусымда небәрі 2 премьера мен 28 қойылым сахналаған. Театр репертуарындағы дүниелердің көркемдік жағына да айтылар сын көп.

Шымкенттегі сахна өнері әдебиеттен алшақтап кетті. Және жазушы, сахна, көрермен деп аталатын үштіктің байланысы әлсіреді. Бұл - жазушы, драматург Захардин Қыстаубаевтың пікірі. Бұған дейін талай өнер ордасында жыл сайын сахналанып келе жатқан қойылымдар көрерменді жалықтырды. Ал жаңа туындылардың ішінде драмалық шиелініске құрылған қойылымдар аз. Режиссерлар лирикалық, поэтикалық дүниелерге әуестеніп алды дейді ол.

Захардин Қыстаубаев, жазушы, драматург:

Театр басшысы 2 айдың ішінде 4 рет ауысып қойды. Режиссерлер де қайта-қайта ауысып жатыр. Сырттан әкеліп қоя салады. Тарихты білмейді, қазақ әдебиетін білмейді. Режиссерлар пьесаны өздері жазады, өздері қояды. Мақұл ғой, бірақ өздері ғана көретін болып қалады.

Салыстыра айтқанда сахналық жабдықталуы мен материалдық жағдайы біршама төмен саналатын орыс және өзбек театрлары бір жылдың ішінде 6-7 жаңа спекталь сахналап, 100-ден аса қойылым көрсеткен. Ал қазақ театрында бұл сан 3-4 есе аз. Өнер ордасы жылдар бойы дарынды жастарды жинай алмады. Себебі әлдеқашан зейнет жасына жеткен 20-дан аса актер жастарға былтыр ғана орын босатып берді.

Дархан Балажанов, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры директорының міндетін атқарушы:

Шынымен де, көркемдік деңгейі сын көтермейтін спектальдер бар. Оны жасырудың қажеті жоқ. Көркемдік кеңестің шешімімен 26 қойылымның актуалдығын жоғалтқанына байланысты актерлардың жас ерекшелігінің үлкейіп кеткеніне байланысты алынып тасталды.

Сахнаға жас актерларды алып шығу мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқитын 19 студент Шымкентке жұмысқа шақырылды. Биыл олардың күшімен 7-8 жаңа қойылым сахналанбақ.

Бауыржан Орынтаев, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:

Биылғы жылдың өзінде драматургтер фестивалін өткізіп жатырмыз. Осының негізінде жақсы туындыларды іріктеп, көркемдік кеңесте талқылап болып ұсынуды жөн санап отырмыз.

Театр ғимараты салынғанына 10 жыл өтпей жатып, тозып кетті. Сахнадағы айналма подиум әуел баста дұрыс орнатылмағандықтан,  әлі күнге қозғалған емес. Қойылым кезінде түрлі түсті әр беретін 30 құрылғының небәрі 3-і ғана жұмыс істейді. Осындай кемшіліктерді түзету үшін құрылысқа рұқсат беретін құжаттар әзірленуде.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу