Қарт Каспий тартылып барады. Соңғы 20 жылда деңгейі 2 метрге төмендеді. Теңіздің таяздануы Ақтауда ауызсу өндірісіне әсер етті. Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты қажетті мөлшерде су алу үшін арналарын тереңдетуге мәжбүр. Ал еліміздің теңіз қақпасы – Ақтау порты танкерлер мен кемелерге мұнай және жүкті тиісті көлемде тией алмай отыр. Өйткені түбі тиіп, қайырлап қалуы мүмкін. Ал Каспий болса, тоқтаусыз тартылып барады. Не істемек керек? Аягөз Оралбайқызы мәселені зерттеп жүрген мамандардың пікірін білген еді.
Ақтаулық Қосарбай Қожахмет 45 жылдан бері Арал-Каспий теңіздерінің геологиясын зерттеп келеді. Айтуынша, Каспий 50 жылда кері кетіп, 50 жылда қайта толады. Бұл осындай уақыт аралығында қайталанатын құбылыс. Соңғы рет 1999-2001 жылдары көтерілген. Кейін қайта кету процесі басталды. Теңіздің деңгейіне әсер етуші фактор көп. Соның ішінде Апшерон тауындағы балшық жанартауларының әсері зор.
Қосарбай Қожахмет, Геология және минералогия ғылымының кандидаты, профессор:
Апшерон таулары дейміз, мына Әзербайжаннан, Красноводскіден келетін теңіздің астында тау бар. Сол тауда вулкандар бар. Олар жәй-жәй қозғалып, істеп тұр. Қатты атылмайды, демек астында қозғалыс бар. Жер сілкінісі болғанда теңіздің асты көтерілуі мүмкін. Сол қозғалыс болғанда көтеріледі. Қозғалыс болмаған кезде деңгейі түседі.
Эколог Сымбат Қойбақова да теңіз суының тартылуын зерттеп жүр. Осы бағытта бірнеше ғылыми жобасы бар. Алайда Каспийдің қазақстандық бөлігіне қатысты мәлімет өте аз, дейді. Яғни зерттелмеген. Тіпті биоәлемі, теңізді мекендеушілердің кейінгі жылдардағы ахуалы да бақыланбайды.
Сымбат Қойбақова, «Экология және геология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
Қазіргі таңда гидробиология туралы көп мәлімет жоқ. Сол себепті қазір негізгі бағытты осы жердің гидробионттарын флорасы мен фаунасын зерттеуді алға қойып отырмыз. Қазіргі таңда бірінші жылдың бізде зерттеу нәтижелері бар. 3 жылдық деңгейде көрсеткіштерді нақты айта аламыз.
Мамандардың айтуынша, Каспийге қанша су құйылып, қаншасы кетіп жатқаны да белгісіз. Мәселен, бір шаршы метрге есептегенде жылына 1410 литр теңіз суы буға айналады. Оның орны толып жатыр ма? Еділ мен Жайықтан қандай көлемде су құйылып жатыр, ол туралы да мәлімет жоқ.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Мына пирс осыдан 20 жыл бұрын теңіздің ішінде тұрды. Бағаналары шамамен 3 метр, толықтай суға батып тұратын. Өкінішке қарай, қазір жағалау алыстап, оның орнына қамыс өсіп кеткен.
Каспийдің таяздануы Ақтау қаласын ауызсумен қамтамасыз ететін МАЭК мекемесінің жұмысына кері есерін тигізді. Кәсіпорын 2 су арнасы арқылы сағатына 2 мың текше метр су алып, оны тұшытатын. Былтыр қыста су қатып, өндіріс көлемі азайып қалды. Сондықтан биыл арна түбін 3 метрге дейін тереңдету жұмыстары жүргізілуде.
Самат Қылышбай, Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің маманы:
Жұмыстың аяқталу мерзімі 2025 жылдың наурыз айына белгіленген. Барлығы 23 мың текше метр топырақ алынады деп күтілуде. Осы топырақ үйіндісі алынғаннан кейін МАЭК-ке бұрынғыдай қажетті мөлшерде су келеді деген болжам бар.
Ақтау теңіз порты да айлақтардың түбін тереңдету жұмыстарын бастамақ. Себебі мұнай тасушы танкерлер мен құрғақ жүк және контейнер тасымалдайтын кемелер толық көлемде жүк тией алмай отыр. Сондықтан айлақтарды 1,5 метрге дейін тереңдету жоспарда. Жобаның бірінші кезеңіне 21 млрд теңге бөлінген.
Вадим Новиков, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бас диспетчері:
Қазір құрғақ жүк тасымалдайтын кемелерге жүк көтере алатын мөлшерден 600-1300 тоннаға дейін аз тиеледі. Себебі түбі жағаға тиіп, қайырлап қалуы ықтимал. Сол секілді мұнай құю айлағында да жүктеме азайды. Биыл теңіз астынан 1 млн 300 мың текше метр топырақ алу жоспарланды.
Геолог маман Қосарбай Қожахметтің пікірінше, теңізді жан-жақты зерттеу қажет. Себебі Каспийде мұнайдан басқа да байлық жетерлік. Бірақ теңіз өндірістің құрбаны болмауы керек. Сондықтан ғылымға жол беру қажет, дейді ол.
Аягөз Оралбайқызы
