Қазақстан мен Моңғолия мәдениет саласында ынтымақты нығайтпақ
Моңғолия Президентінің мемлекеттік сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрі Жуковын Алдаржавхланмен кездесті. Әріптесін ілтипатпен қарсы алған Аида Балаева, бұл сапар екіжақты ынтымақты кеңейтудегі маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Сонымен бірге, архив ісі, мәдениет, әдебиет және креативті индустриялар бағыттарындағы өзара ықпалдастықты дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, Моңғолия архив қорларын қазақстандық ғалымдардың қатысуымен бірлесіп зерделеу, суретшілердің өзара көрмелерін ұйымдастыру, әдеби байланыстарды кеңейту, сондай-ақ бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Бұдан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары Моңғолия министрін 19-20 мамыр күндері Астанада өтетін «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумға қатысуға шақырды.
Жуковын Алдаржавхлан, Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрі:
Бұл іс-сапар алдағы уақытта екі елдің мәдениет, өнер және мәдени мұра салаларындағы ынтымақтастығын нығайтып, көшпелі өркениет мұрасын ұлықтауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміздің классикалық өнер саласына мамандар даярлауға Қазақстанның қосқан үлесіне алғысымды білдіремін.
Бұдан соң Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында Моңғолия Ұлттық академиялық үлкен өнер театрының «Моңғолияның әсем отаны» атты концерт өтті. Ашылуында сөз сөйлеген Аида Балаева Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Ортақ тарихымызды тереңірек тануға жасалып жатқан жүйелі істерге тоқталды. Бүгінде мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында нақты нәтижелерге тоқталды. «Архив – 2025» жоспары аясында Моңғолиядан Қазақстанға жүзге жуық фотоқұжаттар мен кинофильмдердің көшірмелері жеткізілген. Өз кезегінде Моңғолия министрі қазақстандық тарапқа шынайы ризашылығын білдіріп, бұл мәдени іс-шараның екі ел арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайтуға ықпал ететінін айтты. Концерт бағдарламасында моңғол өнерінің таңдаулы туындылары ұсынылды. Сонымен қатар Моңғолияның дәстүрлі тұрмысы мен көшпелі мәдениетіне арналған көрме ұйымдастырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы