Астаналық студент жастар тілі кеш шығып жатқан балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға арналған қосымша ойлап тапты. Ол жасанды интеллектінің көмегімен іске асады. Қазірдің өзінде қолданыста бар. Жалпы, елімізде балалардың есту және сөйлеу қабілетінің нашарлығы өзекті мәселеге айналып барады. Тілші толығырақ баяндасын.
Әуелі Диана Мырзағалиевамен таныссақ. Ол 7 жасқа дейін мүлде сөйлемеген. 9-жасында ғана толық сөйлем айта бастаған. Тіліне жабысқан дертті жеңгеннен кейін Диана өзі сияқты балаларға көмек берем деп шешкен. Инклюзивті академия құрып, әлемдегі волонтерлердің басын біріктірді. Олар мыңдаған балаға онлайн сабақ беріп, түрлі бағытта дамына демеу жасайды.
Диана Мырзағалиева, волонтер:
Дәрігерлер мені сөйлеп кетеді деп ойламаған. Ешкім сенбеген. Бірақ бір сиқыр сияқты сөйлеп кеттім. Оған дейін ойымды тек жазып түсіндіретін едім. Өзім қиындықты бастан өткергеннен кейін, бәрін түсінемін. Сондықтан да біз қазір ерекше қажеттлігі бар балаларға арналған бірнеше жобаны жүзеге асырып жатырмыз.
Диананың Әсемай деген құрбысы бар. ІТ бағытында бірінші курс студенті. Екеуі бірлесіп, ерекше балалармен тілдесіп, сөйлесетін, досына айналатын қосымшаны іске қосқан. Шыққанына бір апта болған қосымшаны жүзден аса адам телефонына жүктеп үлгеріпті.
Әсемай Қауас, студент:
Біздің жасанды робот Сири мен Алисаға қарағанда дефектіні түсіне алады. Яғни, бұған тек адам ғана емес, сөйлеу ерекшелігі бар, сөйлеу қабілеті төмен балалар да сөйлесе алады. Ал Сири мен Алиса, мысалы, Р деген әріпті ұмытып кетсе, түсінбей, дұрыс диалог құрастыра алмайды.
Жас волонтер-өнертапқыштардың бастамасына қуанғандардың бірі - Гүлдана Жанаева. Оның 15 жастағы ерекше баласы бар.
Гүлдана Жанаева, қала тұрғыны:
Менің баламда 3 диагноз бар, көзі көрмейді, құлағы естімейді және аутизм. Бірақ мен қолымды сілтемей, өзім оқып, балама үйреттім. Қазір ыммен сөйлейміз. Баламның сөйлегенін қалаймын. Ана, әке деп айтқанын тілеймін. Ата-аналарға айтарым - берілмеңіздер! Өйткені әр балаға біздің қолдауымыз керек.
Өкінішке қарай, елімізде балалардың сөйлеу қабілетінің нашарлығына ата-аналар дер кезінде мән бермейді. «Әне-міне сөйлейді, тілі кеш шығып жатыр»,- деп, алтыннан қымбат уақытты өткізіп алады. Мамандар осылай деп дабыл қағып, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Гүлсан Мауина, «Ерекше балалардың ата-аналары одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы:
Біздің ата-аналар медициналық немесе педогогикалық білімі болса, сол ата-аналарға грант бөлініп, оқып, үйреніп алса дейміз. Өйткені олар 2-3 баламен жүреді, қалай істеу керек екенін біледі.
Баланың «кеш сөйлеуіне» көптеген фактор әсер етеді. Бірақ құлағы естіген баланың тілі де шығуы керек. Қалай дегенмен, қазір бұл мәселе өте өзекті болып барады. Ал сол мәселеге басқа емес, студенттік өмірді енді-енді бастап жатқан өнерпаздар мән беріп, шешімін іздеуінің өзі қуантарлық жәйт. Тілі кеш шығып жатқан әр баланың тілінде үміттің үні бар.
Азамат Бейбітұлы
