Шымкенттік жас ғалым ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыратын тыңайтқыш өндіру жобасын зерттеуде. Мұндай өнім жерді барынша құнарландырады және бағасы анағұрлым арзан болмақ. Өйткені минералды заттардың барлығы өз елімізде бар. Жас ғалымның еңбегі жыл соңына дейін тауар өндіру мақсатында ірі кәсіпорындарға ұсынылуы мүмкін.
Сульфоаммофос деп аталатын минералды тыңайтқыш әлі күнге елімізде өндірілген емес. Жас ғалым ол үшін Қаратау кенішінен алынатын шикізатты пайдалануды ұсынып отыр. Тыңайтқыш құрамына қажетті фосфор, азот, күкірт секілді өзге де элементтер өз жерімізде болғандықтан оның өзіндік құны анағұрлым арзан болмақ. Бүгінде химиялық дәрілердің қымбаттығынан шаруаларымыз оны қажетті мөлшерден 5 есе аз пайдаланып келеді дейді, ғалым.
Жүрсінай Серікбаева, 2-курс магистранты:
Минералды тыңайтқышты алу үшін амиакпен бейтараптандыру процесі жүрді. Және қосымша Н2SO4 күкірт қышқылы қосылды. Соның арқасында зертханада сульфоаммофостың тұздарын алдық әртүрлі концентрацияда, әртүрлі көлемде.
Деректерге сүйенсек Қазақстанда астықтың гектранынан орта есеппен 14-15 центнер ғана өнім жиналады. Ал Ресей мен Беларусь тап осындай аумақтан 36 центнерге дейін дән өсіріп отыр. Өйткені еліміздің оңтүстік, орталық және батыс аймақтарындағы топырақ құрамында сілтілік орташа болғандықтан өсімдік үшін құнарсыз. Оны сульфоаммофос құрамына қосылатын күкірт арқылы арттыру көзделіп отыр.
Жүрсінай Серікбаева, 2-курс магистранты:
Егер сульфоаммофосты топыраққа қосақ өсімдіктің, азықтың құнарын арттырады. Екіншіден рапс, соя, бидай құрамындағы ақуызды арттыруға көмектеседі. Және сақтау мерзімі ұзаратыны дәлелденген.
Тап осы стартап жоба жас ғалымдардың жұмыстары ішінде үздік деп танылды. Жалпы бұл байқауға университет бойынша 50-ден астам жұмыс ұсынылса, оның 30-ы ірктеліп алынды.
Ұлан Сүлейменов, университеттің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры:
Олар өздерінің презентациясын ұсынып, қорғады. Арнайы комиссия құрылды. Ол комиссияда өндірістен тартылған мамандар болды. Негізінен техникалық және ауыл шаруашылығына қатысты жобалар көп түсті.
Жүрсінай Серікбаева қазір зертханада алынған деректерді сараптап, ғылыми нормаға сәйкестендіріп жатыр. Бұл жұмыс жыл соңына дейін созылмақ. Мұнан кейін жас ғалымның жаңалығы өндіріске енгізу үшін «Қазфосфат» зауытына ұсынылады.
Ғани Қалмаханов
