Шымкент қаласында осыдан 16 жыл бұрын жасақталған «Хәкім Абай» мұражайының әлі күнге аты болғанымен, заты сай емес. Ал көне шаһардың археологиялық орнына жасақталған «Шымқала» тарихи-мәдени кешені келушілерден табыс таппағандықтан бүлініп, тозып барады.
Көне шаһардың 2 200 жылдан астам шежіресін айғақтайтын кешенді былтырдың өзінде 33 мыңнан астам адам қызықтаған болса, соның 11 мыңы шетелдік турист. Солай бола тұра археологиялық орын әлі күнге 1 теңге табыс таппаған. Өйткені коммуналдық мемлекеттік мекеме болғандықтан қолы байлаулы. Ал тарих қойнауынан аршып алынған 3 мыңдай жәдігердің жұрт әзірге үштен бірін ғана көріп таныса алады. Қалғаны қазба жұмысын жүргізген мекемелердің қолында кеткен. Кешенді жасақтауға кезінде қазынаның 2,7 млрд теңгесі жұмсалған.
Жандос Құрбан, мұражайлар бірлестігінің басшысы:
Тапқан артефактілердің саны 1 601. Бүгінгі таңда 757 артефакті саналды. Ол заттар Сайрам музейінің қор бөлімінде тұр. Оны түгендеу жұмыстары жалғасуда.
Ақын Абайдың есімін иемденген мұражайдың жағдайы тіпті нашар. Саябақта орналасқандықтан жері табиғат басқармасының меншігінде. Ал өзі күні кешеге дейін кітапхана құрамында болып келді. 50 шақты экспонаты мен ұлы ойшыл туралы жазылған 700-дей көркем және зерттеу еңбек биыл қордан алынып, енді жарияланды.
Жанар Үркімбаева, мұражай меңгерушісі:
Абайтанушылар, Абайды зерттеушілер, ғалымдарымызбен жан-жақты байланысқа шығып, басқа да архивтерден, Семей қаласына экспедиция жоспарлап отырмыз. Оның барлығы экспонат жинақтау үшін жасалатын сапар.
Мұражайлардың жұмысын бір ізге түсіру және олардың өз бетінше қаржы табуына мүмкіндік беру үшін мегаполисте Музейлер бірлестігі жасақталды. Соның арқасында «Шымқала» кешені қазыналық мекеме болып қайта құрылды. «Хәкім Абай» музейінің өзге құрылымның меншігіне кеткен жері қайтарылуда.
Бауыржан Орынтаев, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:
Музейлер бірлестігін ашу арқылы олардың басшылық құрамын азайтып, тапшы ғылыми қызметкерлер, тарихшыларды көбейту керек. Сол себепті мамандықтар санын өсіріп отырмыз. Екінші жағынан мекемелер өзі қаржы табуы үшін жұмыс жүргізуде.
Аға буынның батылдығы мен қайсарлығын дәріптейтін «Ерлік» музейі мен Сайрамның тарихын әйгілейтін мұражайдың да әбден тозығы жетіп тұр. Оларды күрделі жөндеу үшін қазір керекті құжаттары әзірленіп жатыр.
Ғани Қалмаханов
