Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы кенжелеп тұр. Әсіресе былтырғы өңдеу өнеркәсібі мен егін шаруашылығының көрсеткіштері төмен. Бірнеше ауданның көш соңында қалуы тұтас өңірдің өркендеуін тежейді. Облыстың даму көрсеткіштерін жақсарту үшін қай бағытқа басымдық беру керек? Сарапшылар не дейді? Тақырыпты әріптесім Ардақ Мұратқызы таразылап көрді.
Жиынның шырқын бұзған Тасқала ауданының басшысы бұл күні қатаң сөгіс алды. Тәртібі үшін емес, ауданның былтырғы экономикалық даму көрсеткіштері төмен болғаны үшін жазаланды. Ал жалпы жалақыдан құралатынын ескерсек, аудандағы іркілістер тұтас облысқа кері әсер еткен.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Тасқала ауданы қалаға тиіп тұр. Географиялық орналасуы жағынан қолайлы. Күрежолдың бойында жатыр. Пайдалы қазбаға да бай. Тек өндірісі оқсамай тұр. Кезінде осы тауда шаңғы туризмін ашамыз деді. Цемент зауытын салатын болды. Тіпті ол жоба Президентке телекөпірде таныстырылды. Қазір соның бірі де жоқ.
Тасқалада тіпті шиншилла терісінен тон тігу жоспары болды. Кеміргіш жануарды шетелден ауданға әкелгенімен, жерсінбей, қырылып қалды. Кірпіш, қиыршықтас өндіру жобалары да қағаз жүзінде қалды. Ал сайланғанына 1 жыл 3 ай болған аутсайдер әкім тәртіптік жазамен келісетінін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша алты бағыттың төртеуі де артта қалып отыр.
Талғат Шакенов, Тасқала ауданының әкімі:
Сөгіспен келісемін. Демек біз бір жерлерде қате жіберіп, дұрыс жұмыстанған жоқпыз. Негізгі инвестицияның 3,7 млрд-ы, яғни 70%-ы – жеке инвестициялар. Бірақ 2023 жылмен салыстырғанда төмен болып отыр. Құрылыста да солай. Ауыл шаруашылығының төмендеуі ауа райының қолайсыздығына байланысты. Өңдеу өнеркәсібінің төмен болуы - халыққа су беретін комхоз және жеке ЖШС-ларымыздың тапсырыстары азайып кетті.
Тілепберген Каюпов, облыс әкімінің орынбасары:
Біз жеке инвестицияда жылдығымызды орындай алмай отырмыз. Бұл нені көрсетеді? Жалпы, инвестиция мемлекетке бөлінетін қаражаттың есебінен орындалса, жеке инвестиция бойынша төмендеу бар. Ал ауыл шаруашылығының көрсеткіштері бізде табиғатқа тәуелділікке байланысты. Яғни қуаңшылық болса, көрсеткіш төмен, жайлы болса, жоғары.
Ал сарапшылардың талдауынша, батыс өңірлерге мұнай-газға сеніп отыра бермей, шағын және орта бизнесті дамытуға, инвестор тартуға басымдық беруі керек. Инженерлік желілердің нашарлығы да экономикалық көрсеткіштің төмен болуына әсер етіп тұр.
Сапарбай Жұбаев экономист, сарапшы:
Жергілікті өндірістерге көбірек көңіл бөлу керек еді. Себебі жер асты байлығымыз бұл Қазақстан халқының жалпы байлығы боп есептелінеді де, орталықтандырылып, елдің қай жеріне керек, соған жіберіледі. Екіншіден, инфрақұрылым жағы. Мәселен, Оралда өте үлкен бір цемент зауытын құрған. Ал бірақ оған электр энергиясы жетпейді екен. Сондықтан ол қазір жұмыс істемей тұр. Сондай популистік жобаларды жүзеге асырғаннан гөрі инфрақұрылымдық түзілімдерді жасау керек.
Жол сапасын жақсартып, теміржол қатынасын реттесе, шағын кәсіпкерлік те, экономика да дамыр еді дейді экономистер. Тоғыз жолдың торабында орналасқан перспективасы зор, әлеуеті жоғары, табиғаты қолайлы облысты дамытуға тың күш, ширақ қимыл керек. Мұны Үкімет басшысы да бірнеше мәрте ескертті.
Ардақ Мұратқызы
