Қызылордада қарт бағбан сортаң жерді орманға айналдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қарт бағбан сортаң жерді орманға айналдырды

06.02.2025

Қызылордада ағаштың түр-түрін өсірумен айналысатын қарт бағбан бар. Тоқсанды алқымдаған Бектай ата қала іргесіндегі бағын жасыл желекке айналдырып, 30 жылдан аса уақытта 2 миллионнан астам тал еккен. Еңбегімен елдің алғысына бөленген қарияның ерекше бағын тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.

Тал өсірудің бабын 12 жасынан меңгерген Бектай атаның әр күні бақта өтеді. Ол бір өзі 8 гектар аумақты орманға айналдырып, Сыр өңіріне жерсіне бермейтін қылқан жапырақты ағаштың бірнеше түрін өсірген. Мәселен, калифорниялық теректің көшеттерін осы кезде қырқып, мамыр-маусымға дейін жерге көміп қояды екен. Әр талдың өз күтімі бар.

Бектай Сүлейменов, қарт бағбан:

Ағаш өспейді емес өседі. Құр әшейін кетпен ұстап ал мен ағаш ектім деп шауып жүру болмайды. Оны кішкене сөйлесе білу керек. Өсімдікпенен. Қай өсімдік болмасын, соның өзінің тілінде сөйлесе білу керек. Ол деген сөз қалай күтуді, қалай суаруды білу деген сөз.

Қарт бағбан бұрын көктемде 50 мыңға дейін көшет дайындап келіпті. Ал былтыр 15 мың ғана түп әзірлепті. Өйткені, қаланың көгалдандырыумен айналысатын мекемелерден көшетке сұраныс жоқ дейді. Сондықтан, қазір тал шыбықтарын қайда өткізерін білмей, шаруашылығы жылдан жылға тоқырап барады.

Бектай Сүлейменов, қарт бағбан:

Көктемде анау Сарыағаштан, Тәшкенттен, арғы жағы Шымкенттен әкеледі көшеттерді. Мынау қарамайды бізге. Арша, қарағайды ешкім өсіріп жатқан жоқ Қызылордада. Мыналар 400-500 жыл өмір сүреді. Ал мынау терек қарағаштар көп болса 15-20 жылдан кейін қурап, өле бастайды. Осыған көңіл бөлу керек менің айтарым.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілді ұстанған Бектай атаның арманы Қызылорданы жасыл желекке айналдыру. Сортаң жерді орман еткен бағбанның бұл еңбегі көпке үлгі.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу