Дубайда өтіп жатқан «SWAT Challenge» халықаралық жарысының бүгін төртінші күні. Қазақстандық командалар үздік үштіктен түспей келеді. Әсіресе қыз-келіншектерден құралған команда жарап тұр.
Дубай төрінде өтіп жатқан жауынгерлер жарысы қазақстандық командалар үшін сәтті басталды. ІММ-нің арнайы бөлімшесі «Сұңқардың» сайыпқырандары бірінші күні нысана көздеу, кепілдегілерді босату сынды кедергілерден мүдірмей, жүктелген тапсырманы 1 минут 34 секундта орындады. Тамаша көрсеткіш.
Келесі күндері де Қазақстанның арнаулы мақсаттағы жасақтары үздіктер қатарына енді. Қоржынға қос алтын мен бір күміс жүлде салды. «Сардар А» командасын ерекше атап кетуге болады.
Аңсаған Балтабеков, ҚР ІІ Министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның қолбасшысы:
Бұл жетістіктердің барлығы командалардың дайындықтарының арқасында. Әрқайсысы өз бабында. Күн демей, түн демей шынығып. Осы жарысқа 6 ай бойы дайындалған. Соның арқасы.
Биыл әлем біріншілігіне алғаш рет қазақ қыздары қатысып отыр. Олар жай ғана қатысып қана қоймай, тепсе темір үзетін сайыпқырандардан жасақталған біршама команданы артта қалдырды. Жарыстың үшінші күнінің қорытындысы бойынша олар 50-ден аса команданы басып озды.
Балнұр Қиялбекова, «Томирис» арнайы жасағының қызметкері:
Қазақстанның көк туын желбіретіп, биік дәрежеде Қазақстанның атын шығарып, Қазақстанда осындай батыр ару қыздар бар екенін бүкіл әлемге паш еткіміз келеді. Алла бұйырса, қолымыздан келгенше барымызды салуға тырысамыз.
«Әскерилер олимпиадасы» аталып кеткен сайыстың ертең соңғы күні. Содан соң жалпы нәтиже жарияланады. Айта кету керек, сарбаздар додасына елімізден 12 команда қатысып жатыр. Ал бүкіл әлемнен жиналған ұжымдар саны 100-ден асады.
Нұрсұлтан Тілектес
