Жетісу облысындағы Лепсі ауылының халқы 50 жылдан бері ішер суын бұлақтан тасып келеді. Ауылдың су жүйесі жарты ғасыр бұрын істен шыққан. Салдарынан тұрғындар бірнеше көше жүріп, қайнардан жиналатын суды пайдаланады. Ал жергілікті билік ауыз су мәселесін шешеміз деп жыл сайын уәде берумен келеді, дейді ауылдағы ағайын. Өңірдегі тілшіміз тұрғындардың шағымын тыңдап мәселенің қашан және қалай шешілетінін біліп қайтты.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Лепсі ауылы халқының біраз бөлігі дәл осы жерден суды тасып ішеді. Ал бұл су таудағы қайнарлардан 4-5 шақырым құбырмен ағып келеді. Бұл ауылда дәл осындай үш су көзі бар.
Сексеннің сеңгіріндегі Валерий Ливинскийдің қыста шанамен, жазда арбамен су тасып жүргеніне ондаған жылдар болғанын айтады. Ардагер ұстаз 40 литрлік ыдысын сүйреп, тіршілік нәрін алу үшін көшенің бір басынан күнде келеді. Лепсі ауылында 330 түтін, 1 100-ге жуық халық болса, солардың басым бөлігінің күнделікті тұрмысы осы.
Валерий Ливинский, ауыл тұрғыны:
Ауылдың жартысынан көбі ауыз суға жарымай отыр. Кей үйлер өзеннен де тасып ішеді. Біздің бар тілегіміз, халыққа сапалы ауыз су тартып берсін. Су құбырын әне тартамыз, міне тартамыз деп көшелерімізді де жасамай келеді.
Ауылда биыл қар қалың. Әйтпесе көше жолдарын да көрсетер едік дейді тұрғындар. Ал елдімекеннің ауыз су мәселесі 2 млрд 900 млн теңгеге бағаланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Мердігер де анықталған. Жұмысқа қар ерігенде бірақ кіріседі-мыс. Алайда ауылдың қатаң климаттық жағдайы бұл жобаны бір жылда аяқтауға кедергі келтіруі мүмкін.
Берік Әукенов, Лепсі ауылдық округінің әкімі:
Бізде қыс ерте түсіп, қар ұзақ жатады. Соған байланысты екі жылға дейін созылуы мүмкін. Жалпы жұмыс 9 ай деді. 50 шақырымдай жерге ауыз су құбырлары толық қанды тартылады.
Ауыз су тарту жұмысы екі жылға созылатын болса, әзірге тұрғындар қайнар көзін қанағат етуіне тура келеді.
Қуаныш Қанатұлы
