Шымкентте су басу қаупі бар 20 аймақ анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте су басу қаупі бар 20 аймақ анықталды

03.02.2025

Шымкент қаласында қардың еруі мен жауын-шашынға байланысты су басу қаупі бар 20 аймақ анықталды. Оның басым бөлігі Сайрамсу және Бадам өзені бойында. Мұнда арна 15 үйдің тап іргесінен өтеді. Қауіпті аймақтарда 100-ге жуық адам тіршілік етеді. Мамандар қазір ахуал қорқыныш туғызбағанымен жауын-шашын көбейетін болса жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан жағалаулар қоқыстан тазартылып, Бадам өзенінің 9 шақырым жерін бекітіліп, бетондалды. Жаңадан 34 шақырым ирригациялық жүйе тартылды. Бұл жұмыстарға қазынадан 5 млрд теңге жұмсалған. Төтенше жағдайлар қызметі 6-7 ақпан күндері командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізуді жоспарлап отыр.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

Бүгінгі таңда су қоймаларының толуы 22,41 пайыз. Тасқын суды қабылдауға қор қарастырылған. Су айдындары штаттық режимде жұмыс істейді. Апатты жағдайлар кезінде құтқару жұмысын жүргізу үшін 10 мың қап пен 8 мың тонна құм дайындалған.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу