Жекеменшік мектепке бөлінетін қаржы кешіктірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жекеменшік мектепке бөлінетін қаржы кешіктірілуде

03.02.2025

Жекеменшік мектептерге бөлінетін қаржы уақытылы берілмейді. Соның кесірінен қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық қызметтердің ақысын және салықты тұрақты төлей алмай отырмыз. Бұл білім сапасына да әсер етуде, дейді кәсіпкерлер. Қомақты ақшасын білімге салған құрылтайшылар тығырыққа тірелгенін айтады. Оған қоса биылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жеке мектептерді қаржыландыру жергілікті бюджетке беріліп жатыр. Былтырғы жылдың қаржысын әлі ала алмай жүргендер бұған алаңдап отыр.

Күләнда Батырбекова, кәсіпкер, «Білім инвест» қауымдастығының вице-президенті:

Жекеменшіктерді қаржыландыру 2023 жылдың қараша, желтоқсанынан басталды. Жалпы, біз республикалық бюджеттен алып, «Қаржы орталығынан» қаржыландырып отырмыз. Бұл әкімдіктерге ешқандай қатысы жоқ болды. Бірақ сол кезден бастап 1-2 ай, 1 ай, 1,5 айға кешігу болды.

Қазір мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін 744 жекеменшік мектепте 290 мыңнан аса оқушы білім алып жатыр. Ол үшін былтыр республикалық бюджеттен 134 млрд теңге қаражат бөлінген.

Оқу ағарту министрлігі мәселеден хабардар екенін айтады. 2023-2024 жылдардағы жекеменшік мектептер алдындағы берешек мәселесін шешу бойынша Қаржы министрлігімен бірлескен жұмыс жүріп жатыр, дейді. Барлық берешек биылдан қалмай төленеді. Ал Қаржы орталығы жеке мектептерді қаржыландырудың жергілікті бюджетке берілуі қолданыстағы заңнамаға сай жүзеге асып отыр деп түсіндірді. Себебі орта білім беруді қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың тікелей құзыретіне кіреді. Қаражатты уақытылы төлеу мәселесі де министрліктің бақылауында деп сендірді жауапты ведомства өкілдері.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу