93 жастағы математик әже
Оралда жасы 93-ке келсе де, жадынан жаңылмаған математик әже тұрады. Кейуана көп жыл мектепте ұстаздық еткен. Қазір де немере-жиендеріне есеп шығарудың қыр-сырын үйретеді. Ардагер ұстазбен әріптесім Ардақ Мұратқызы тілдесіп қайтты.
Түлектермен кездесу кешінде түсірілген осы сәт талайды тәнті етті. 93-тегі кейуана әлі де тың. Есепке жүйрік. 45 жылдық еңбек өтілі бар. Өмір бойы Жаңақала ауданының Мәштексай мектебінде шәкірт тәрбиелеген.
Нәбия Тілепбергенова, 93 жастағы ардагер ұстаз:
Мықты ұстаз болу үшін, біріншіден ұстаз шәкіртін сүю керек. Олар дегенде жанын аямай, соларға өзінің бар білгенін үйретуге ұмтылу керек. Ұқыпты болып, баланың алдында өтірік айтпау керек.
Қазір де ардагер ұстаз немере-жиендеріне математиканың қыр-сырын меңгертеді. Калькулятор ұстатпайды. Есепті баспен шығартады. Сонда ғана ми шынығып, жад тозбайды. Содан да болар, қарияның санасы сергек, ойы анық. Газет оқиды. Жаттығу жасап, бой жазады. Жаяу жүргенді жақсы көреді.
Ақтоты Тілепбергенова, Орал қаласының тұрғыны:
Анам газет-журнал, кітаптарды көп оқиды. Жаңалықтарды ешқашан жібермейді. Теледидардан, газет-журналдардан хабардар болып отырады. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. Таңмен ерте тұрады, кешке уақытымен жатып, тынығады.
Нәбия Тілепбергенова шәкірттерімен жиі кездесіп тұрады. Олардың да ұстазға деген сый-құрметі бөлек.
Ақмарал Ханкереева, Орал қаласының тұрғыны:
Нәбия Кенжебайқызы математика пәнін өте түсінікті етіп түсіндіретін. Балаларға қызықты етіп. Ол пәннен ешқашан қашпайтынбыз. Соны білуге, біліктілікке үйрендік.
Тыл ардагері қазір құрметті еңбек демалысында. Тоғыз құрсақтан 15 немере, 18 шөбере тараған. Алтын алқалы кейуана кейінгіге бата беріп, елдің алғысына бөленіп отыр.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы