Алматыда өтіп жатқан «Digital Almaty 2025» дәстүрлі форумында жасанды интеллектіні қоғамның әр саласына енгізу және технологиялық даму тақырыбы кеңінен талқыға түсті. Алаңда AI-дің экономикаға, өнеркәсіптік экожүйелерге, медицинаға, білімге және басқа да салаларға интеграциясы және инновациялық даму перспективалары мәселелері көтерілді. Шараның алғашқы пленарлық отырысына Еуразиялық Экономикалық одақ елдерінің Премьер-министрлері де қатысты.
Форумда сөз алған Премьер-Министр Олжас Бектенов жасанды интеллект дамуының негізгі факторларын атады. Ол үшін адами капиталды, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және институционалдық негіз құру екенін айтты. Цифрлық технологияларды енгізу жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімін 2-3%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деді үкімет басшысы.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аlem.АІ халықаралық жасанды интеллект орталығының негізінде құзіреттер экожүйесін құру бастамасын көтерді. Ол биыл Астанада ашылады. Бұл бір алаңда жетекші IT-компанияларды, зерттеу зертханаларын, стартаптар мен шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін білім беру бағдарламаларын біріктіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанның стратегиялық басым міндеттерінің бірі – жасанды интеллект саласында мамандар даярлау. Алдағы 5 жылда мемлекеттік қызметкерлерді қосқанда 1 млн адамды оқыту жоспарланып отыр.
Дмитрий Иванов, «Дронмен футбол» қауымдастығының жетекшісі:
Қазір барлық салада дрон операторлары жетіспейді. Менің мына ту сыртымдағы ойын арқылы кез келген адам дронды басқару тетіктерін үйрене алады. Бұған машықтанған адамның жұмыс өнімі артып, шаруасы жеңілдей түседі.
Форум аясында қазақстандық және шетелдік мамандардың ЖИ-стартаптары мен жобалары ұсынылды. Отандық Codiplay мобильді қосымшасы бүгінде 13 елде қолданылады.
Берік Нұрымбетов, «Alaqan» компаниясының негізін қалаушы:
Бұл – мобильді пост терминал. 1-2 ай бұрын іске қостық. Бұл жерде QR, карта арқылы төлем жасауға болады. Бұрынғыдай телефоныңызды немесе картаңызды шығарып жатпай-ақ, алақаныңызды құрылғыға жақындатсаңыз жеткілікті. Қажетті соманы шешіп алады.
Форумның стартап алаңында 80-нен аса жоба таныстырылды. Мұндай шараға қатысу жобалардың кеңінен танылып, инвестиция тартуына және халықаралық нарыққа шығуына жол ашады, дейді сарапшылар.
Қуан Нұрақын
