Елімізде 200 мыңға жуық азамат құмар ойындар мен бәс тігуден өз еркімен бас тартты. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, өткен жылы іске қосылған жүйе қазір оң нәтиже көрсетуде. Букмекерлік кеңселер мен казинолар, құмар ойын сайттарынан өзін шектейтіндер қатары артып келеді. Мұндай шешімге келгендердің дені - жастар. Сондай-ақ, жаңа жүйеге ата-аналар тарапы да жиі жүгінетін болған.
Рамазан Сағадаттың құмар ойындарға құштарлығы 13 жасынан басталған. Айналасындағыларға еріп, бәс тігіп, 8 жыл ішінде қалай құмар ойыншыға айналғанын білмей қалады. 10 млн тг қарызға кіргенде ғана ес жиып, емделуді бастаған.
Рамазан Сағадат, қала тұрғыны:
Әу баста құмар ойынға құнығам деп ойламадым. Оған қоса, айналамда солай бәс тігіп ойнайтындар көп болғандықтан, қалыпты құбылыстай көрінді. Құмар ойынға тәуелді екенімді 21-ге толып, қарызға батқанымда түсіндім. Қазір жаман емес, ойынға әуестігім жоқ. Енді басқалардың лудоманиядан жазылуына көмектескім келеді.
Елде 400 мыңға жуық адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушыларына айналған. Бүгінде елде ойынға тәуелділерді тегін емдейтін 20 мемлекеттік мекеме бар.
Алтынай Төкенқызы, ҚР ДСМ «Республикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» бас директоры:
Негізі бізде 20 емдеу мекемесі бар. Ол психикалық орталықтар, сонда ем алуға болады. Және қосымша оңалту орталықтар жұмыс істейді. Ол бізде 6 ересектерге арналған және 6 балаларға арналған оңалту орталықтары бар.
Бірақ көпшілігі жеке орталықтарды таңдайды екен. Мына жеке клиника жыл сайын жүзге жуық пациент қабылдайды. Бұрын науқастар 30 бен 45 жас аралығында болса, қазір мектеп оқушылары көп, деді орталық директоры.
Азамат Нұрбекұлы, сауықтыру орталығының директоры:
Ең кішкентайы емделіп жатыр. Ол 9 жасында бірінші бәсін тіккен. Клиникада емделгені 50-дің үстінде. Статистика бойынша көбіне мұғалімдер мен әскери қызметкерлердің балалары тәуелділікке жақын болады. 60-70 пайыз көлемінде тұқым қуалайды. Қалған 30-40 пайызы қоғамға, тәрбиеге байланысты.
Соңғы 3 жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн тг жұмсаған. Қазір мемлекет лудоманиямен күресті күшейтті. Былтыр 3 жылдық кешенді жоспар қабылданған. Содан бері 187 мыңнан астам адам құмар ойыннан өз еркімен бас тартқан.
Абдель Балтатегі, ҚР Туризм және спорт министрлігінің басқарма басшысы:
Негізі өз-өзін шектеу бойынша екі жолмен жұмыстар жасауға болады. Ол Е-қызмет пен Е-өтінішпен арқылы біздің комитетіміздің атына өтініш жазып, шектеуге болады. Және eGov қосымшасы арқылы онлайн шектеу қоюға болады. 6 айдан - 10 жылға дейін. Және ол өтініш қайтарылмайды. Басқа адамдар дасот арқылы балаларына, туысқандарына шектеу қоя алады.
Қазір көшелерде, үйлердің қасбеті мен көліктердің сыртында букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салынған. Одан бөлек, несиесін 90 күннен астам уақыт төлемей жүрген, алимент пен салыққа қарызы 3 млн-нан асқан азамат бәс тіге алмайды. Оған қоса, 300 мыңға жуық әскери мен мемлекеттік қызметшілер ойын бизнесінен шеттетілді.
Динара Жарқынбек
