Басты Жаңалықтар Петропавлда құрылысшылар қарызын қайтара алмай жүр

Петропавлда құрылысшылар қарызын қайтара алмай жүр

Петропавлда Бірлік шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған үйлерді салған құрылыс компаниялары әлі күнге ақшаларын ала алмай жүр.

«Qyzyljar Asar» корпоративтік қоры 14 мердігерге 409 млн теңге қарыз. Естеріңізге салсақ, былтыр көктемде Солтүстік Қазақстан облысында тасқын болып, 4 мыңға жуық үй су астында қалған еді. Олардың басым бөлігі тұруға жарамсыз деп танылды. Далада қалған азаматтарға облыс орталығында жаңадан 700 үй салынып, көпқабатты баспаналардан 1400-ге жуық пәтер сатып алынды. Шығынды отандық 10 ірі компания өз мойнына алды. Қаржыландыру жұмыстары «Qyzyljar Asar» корпоративтік қоры арқылы жүзеге асты. Бірақ қалған қаражаттарын әлі күнге алмаған.

Сафуан Нұрмұқанов, құрылыс компаниясының директоры:

Бірінші 100 үйді салдық, ақысын төлеп, жақсы болды. Сосын екінші жағында 80 үйді бастадық. Толық көлемде ақшасын берген жоқ. Міне, маған кем дегенде 25 процентін әлі төлеген жоқ.  

Құрылыс компаниялары жұмысты уақытында атқарды. Ал қор 5 жұмыс күні ішінде мердігерлерге тиісті қаражатты аударуға міндеттелді. Арада 3 айдан артық уақыт өтсе де, мердігерлер қарызын ала алмай жүр. Салдарынан құрылыс материалдарын сататын дүкендерге берешегін, жұмысшылардың жалақысы мен салық төлемдерін өтей алмай жүргендерін айтады. Бар мәселе облыстық әкімдіктің құрылыс басқармасына барып тірелді. Алайда құзырлы мекеме басшылығы журналистерге жауап беруден бас тартты.

Қанат Омаров, «Qyzyljar Asar» корпоративтік қорының директоры:

Ол ақша біздің демеушілерде. Демеушілер сол «ҚазМинералс» болып отыр. Әр тиынға есеп береміз. Құрылыс басқармасы керек құжаттарын уақытында бермей, есебін келтіре алмай отырмыз. Сондықтан ақшаның келмей тұрған себебінің бірі сол.

Эльмиар Кәленова

Бөлісу