Атырау облысындағы Мақат ауданы өндірісті аймақ. Мұндағы ауыл шаруашылығының дамуы баяу. Өйткені жер тапшы. Бұл мәселе мақаттық малшыларды бірнеше жылдан бері әбігерге салып келеді. Енді оларға көрші жатқан Қызылқоға ауданынан 413 мың гектар жайылымдық жер берілді. Шалғайдағы шаруалардың жайын әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт біліп қайтты.
Жер тапшылығы аудандағы 100-ден аса шаруа қожалығының кәсібіне қолбайлау еді. Жергілікті билік осыны ескеріп, 13 шаруа қожалығына 413 мың гектар жерді ұзақ мерзімге пайдалануға берген. Оның игілігін көріп отырғандардың бірі – Досжан Бисенғазиев. Ата кәсіпті қолға алған шаруа мәселенің оңтайлы шешілгеніне риза.
Досжан Бисенғазиев, шаруа қожалығының жетекшісі:
Мақат 45 километр, Доссор 50 км, ал Қарабау, Қызылқоға 60 км. Одан бізге мына Мақат жақын. Жолдас жігіттер Мақатта, өзім Қарабауда оқығаныммен, жақын жер осы. Тиімді бәрі. Жемімізді, шөбімізді, сол жақтан жігіттер хабарласып, сол жақтан алып келеміз.
Жайылымдық жердің мақаттық шаруаларға берілуі аудандағы ауыл шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Енді жергілікті билік қожалықтарды аралап, есеп жүргізіп, шаруашылықтарды көбейтуді жоспарлап отыр.
Гүлнұр Атабаева, Мақат аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Енді өзіміздің ауданда мал шаруашылығы көбейсе, ет өнімі шықса деген ой бар. Убойня ашу деген ұсыныс та бар. Қыстақтарды аралау жұмыстары да жүріп жатыр. Үй аралап, малдарды есепке алып, көбейту, мал санын көбейту, басты мақсат,
Жер мәселесі біртіндеп шешілгенімен салада маман тапшы. Шаруалардың айтуынша қазіргі жастардың көбінің ауылға баруға құлқы жоқ.
Саламат Мұқаш, шаруа қожалығының жетекшісі:
Көмекшілікке, мал бағуға жастардың ынтасы жоқ. Балалар қазір қалаға шабады. Ауылда осыларды баулитын, қызықтыратын ешқандай жағдай жасалмай тұр ғой.
Бірақ көп ұзамай бұл мәселелер шешіледі. Қазір қаладағы Оңайбай Көшеков атындағы агро-техникалық колледжі жыл сайын 400-ге жуық жұмысшы маман дайындап жатыр. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын хаб құру жоспарланып отыр.
Маржан Ләпиденова, О.Көшеков атындағы агро-техникалық колледж директорының орынбасары:
Үлкен бір ветеринарлық клиника ашқымыз келеді. Сол жобаны ұсынып жатырмыз. Оның ішінде мал бағатын қоралары да болады заманауи. Тепилицасы да болады. Оның ішінде операционный зал да болады, процедурный да болады. Оған біздің оқытушылардың потенциалы жетеді.
Қазір ауданда 12 мың бас мал бар. Жайылымдық жер берілгенімен, шабындық мәселесі әлі де өткір тұр. Мал азығын дайындауға субсидияның берілмейтінін ескерсек, бұл шаруаларға оңай тимесі анық. Сондықтан әкімдік арзан бағада жем-шөп жеткізу үшін жеке кәсіпкермен келісімшартқа отырған.
Нұрсұлтан Нұрсейіт