Биыл резервтегі әскердің алғашқы легі жасақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл резервтегі әскердің алғашқы легі жасақталады

22.01.2025

Оның құрамына жасы 18-ден 60-қа дейінгі азаматтар кіреді. Бүгін Мәжіліс отырысында резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды. Сонымен резервке кімдер алынады? Оның мерзімі қандай? Резервті жасақтауғдағы мақсат не? Төменгі палата отырысына қатысып келген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен баяндасын.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Енді елге қатер төніп, төтенше жағдай болса шұғыл әрекет ететін резерв болады. Яғни, әскерде қызмет еткен, сондай-ақ жоғары оқу орындарында әскери кафедраны тәмамдаған, бір сөзбен айтқанда арнайы дайындығы бар азаматтар қайта қарулы күштер қатарына қосылады.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жасы 18-ден 60-қа дейінгі сарбаздар мен сержанттар, одан кейін 60 дейінгі офицерлер еркін келісімшарт жасасу арқылы әскерге қабылданады. Әрине денсаулығына байланысты басқа да тестен, тексерулерден өтеді. Соның негізінде қазірдің өзінде Қорғаныс министрлігі резервтегі әскердің бірінші бригадасын жасақтауға кірісті.

Бір ерекшелігі резервке алынғандар тұрақты түрде қызмет атқармайды. Тек 3 жылға келісімшарт жасасып, жылына бір рет оқу-жаттығу жиынына және екі-үш күндік сабаққа қатысса жеткілікті. Осы мерзімде азамат жұмыссыз болса, оған орташа айлық мөлшерінде ақы төленеді. Егер тұрақты жұмысы болса еңбекақысы сақталады.

Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:

Ол мынадай негізгі мақсатты береді: біріншіден, біздің экономикаға кішкене жеңілдік береді. Оны ұстаудың қажеті жоқ, Қазақстан азаматы өзінің жұмысын істейді. Бірақ жылда 60 күннен аспай сабақтарға қатысады. Екіншіден, ол запасқа шыққан офицер, сержанттарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Иә, резервті жасақтау републикалық бюджетке түсетін салмақты жеңілдетеді. Мәселен, тұрақты түрде қызмет атқаратын әскерлерге ай сайын жалақы төлеу керек, ал резервистерге жылына екі рет ақы төлесе жеткілікті. Әрі бұл қадам мемлекеттің мобилизациялық дайындығын жетілдірмек.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Армияда срочник, контрактникпен қатар резезервист деген ұғым пайда болады. Бұл енді еліміздің қорғаныс саласын, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге жасалып жатқан қадам. Бұның үстіне жақында қабылданатын аймақтық қорғаныс туралы заң бар. Әр облыста жекелеген бригадалар құрылады. Бұның бәрі айналып келгенде кәсіби армияның санын арттыра бермеу үшін қажет дүние. Бұл енді шындап келетін болсақ миллиардттаған ақша ғой.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Биыл резервтегі әскердің алғашқы бригадасы жасақталады. Оның құрамына 2000-нан астам азамат алынады. Олар салалық маман болады. Айта кету керек, заң жобасы Германия, Австрия, Швейцария және бірнеше ТМД елдерінің тәжірибесіне қарап жасалған. 6 кодекс пен 14 заңына 100-ге жуық өзгерістер енген маңызды құжат бүгін Сенаттың қарауына жолданды.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу