Басты Жаңалықтар Дәрігер: Маңдайыма адам өмірін сақтап қалу міндеті жазылған

Дәрігер: Маңдайыма адам өмірін сақтап қалу міндеті жазылған

Павлодардың Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінде 30 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан қызметкер бар. Зәуреш Тұрсынова жедел әрекет ету бригадасының дәрігері. Осы уақытқа дейін ол мыңдаған шақыртуға барып, 3 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсеткен. Талай адамның өміріне араша болған абзал жан аймақтағы санитарлық авиацияның жедел көмек тобының тұрақты мүшесі. Жергілікті медициналық колледжде дәрігерлер біліктілігін көтеру курсында дәріс оқиды.

Зәуреш Тұрсынова, облыстық «Апаттар медицинасы орталығы» ММ дәрігері:

Адам өмірі. Біз ауырған жанды емдеу үшін емес, зардап шеккен, қыл үстінде жатқан адамды аман алып қалу үшін барамыз. Ол біреудің әкесі, баласы, анасы немесе ағасы болуы мүмкін. Әсіресе жазатайым жағдайға тап болған жүкті аналарды көргенде қатты қиналамыз. Бірақ жұмыс ауыр, басқа салаға ауысу дегенді ойлаған емеспін. Дәл менің маңдайыма адам өмірін сақтап қалу міндеті жазылған деп санаймын.

Өңірдің «Апаттар медициналық орталығында» 50-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың үшеуі Астана, Семей, Омбы бағытындағы жылжымалы жедел медициналық көмек бригадалары. Бәрінде жоғары санаттағы дәрігерлер бар. Бірақ ірі апат, жантүршігерлік оқиға, алапат өрт кезінде Зәуреш Тұрсыновадан кеңес алып отырады.

Ботагөз Тұқымова, облыстық «Апаттар медицинасы орталығы» ММ психологі:

Біздің жұмыста әртүрлі жағдай болады. Қорқынышты, өзіміз бата алмаймыз ондай жұмысқа. Біздің жанымыздағы Тұрсынова Зәуреш Қайсарқызы өте батыл кісі. Ол кісі осындай қиын жағдайларда бірден әрекет етеді.


Бөлісу