Басты Жаңалықтар Өзбекстанда Қазақстанның медицина күндері өтіп жатыр

Өзбекстанда Қазақстанның медицина күндері өтіп жатыр

Өзбекстанда Қазақстанның медицина күндері өтіп жатыр. Екі мемлекеттің дәрігерлері өзара тәжірибе алмасуда. Осы шара аясында бірнеше қалада науқастарға ота жасалып, тұрғындар дәрігерлік тексеруден өтті. Елімізбен іргелес Сырдария облысында бір күнде 150-ден астам адам біздің мамандардан кеңес алды. 

Апта басынан бері Ташкент, Нөкіс пен Ферғана қалаларында оннан астам науқасқа күрделі ота жасалды. Бұл іске ұлттық нейрохирургия орталығы, акушерлік және кардиохирургиялық орталық дәрігерлерінен құралған бригадалар жұмылдырылған. Дерті жанына батқан тұрғындар қазақстандық ақ халаттыларға алғысын жаудырып отыр.

Матлюба Умурзакова, емделуші:

Жүрек-қан тамырлары сырқатынан зардап шегіп жүр едім. Ауа жетпей қиналатынмын. Қазақстандық мамандар ота жасап, осы дерттен құтылуыма себепкер болды. Өзімді өте жақсы сезінемін, алтын қолды дәрігерлерге көп рахмет.

Гүлістан қаласындағы орталық аурухана алдында толық жабдықталған медициналық кешені бар екі автобус тұр. Түркістан облысынан келген 25 дәрігер жергілікті тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізіп жатыр. Арасында хирург, невропатолог, офтальмолог және гинеколог мамандар бар.

Бауыржан Оспанов, Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Жалпы, мақсат – тәжірибе алмасу, бұл жақтың халқын сырқаттың алдын алу бойынша дәрігерлер толығымен тексеруден өткізіп жатыр. Өзбекстанда Қазақстанның медицина жылы болып жарияланған екен, соған толық атсалысып жатырмыз.

Мурод Купайсинов, Гүлістан қалалық медициналық бірлестігінің бас дәрігері:

Әйелдерде жатыр мойнының обыры сырқатын дер кезінде анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Мақсат – аты жаман дерттің алдын алу, дұрыс диагноз қойып, ем-дом жүргізу. Бұл ретте қазақстандық әріптестеріміз тарабынан ауқымды істер атқарылуда.

Қазақстандық дәрігерлер ота мен профилактикалық тексерулерден бөлек, шеберлік сабақтарын өткізуде. Қазақстанның медицина күндерін ұйымдастыру бастамасы өзара ынтымақтастықты дамытуға, Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ медициналық кеңістік құруға жол ашады. Медицина күндері апта соңына дейін жалғасады.


Бөлісу