Енді кәсіпкерлер импортталған тауарларға «Қазақстанда жасалған» логотипін жапсыра алмайды. Мәжіліс бүгін отандық өндірушілердің жұмысын жүйелейтін бірыңғай реестер құру туралы заң жобасын мақұлдады. Құжат күшіне енсе, мемлекеттік сатып алуға жалған құжатпен қатысатын кәсіпорындарды анықтау жеңілдейді. Отандық өндірушілерге тағы қандай талап қойылмақ? Мәжіліс отырысынан Айя Мүтәлі тарқатады.
«Қазақстанда жасалған». Бұл таңбаны тауарға басып шығару үшін отандық кәсіпорындар екі сертификат алуға міндетті болған. Яғни, өнімнің елімізде шығарылғанын дәлелдеу өз алдына, әр құжат үшін миллиондаған қаржы төлеу қажет. Салдарынан сертификатты заңсыз жолмен сатып алатындар көбейген. Олар сырттан келген тауарға жалған мөр басып жұмыс істеп келген.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Алты жылда 70 мыңға CT-KZ сертификаты және 1,5 мыңға жуық индустриялық сертификат берілді. Алайда Прокуратура органдары 200-ден астам сертификаттың сәйкес келмейтіндігін анықтады. Шын мәнінде, жалған сертификаттардың саны көп болуы мүмкін.
Ал бұл кәсіпорындар осы сертификаттың көмегімен мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Енді мұндай конкурс тек бірыңғай реестерге тіркелген отандық өндірушілер үшін ұйымдастырылады. Ал оған тіркелу тегін. Өтінім онлайн қабылданады. Онда кәсіпорын туралы барлық дерек қамтылып, үш ай сайын мониторинг жүргізіледі. Яғни, өндірістің шын мәнінде жүріп жатқанын бейнебақылау камералары арқылы тексеріп отырады.
Айдар Қожахметов, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Тізілімге алыну міндетті емес. Бірақ мемлекеттік көмек алу және реттелетін сатуларды алу үшін міндетті болады. Қаржылық қолдауда соның бәрі қамтылған.
Ал құжат күшіне енсе, импортқа тәуелділік азайып, баға түседі деген болжам бар.
Айя Мүтәлі, тілші:
Сонымен, Парламент бұл заңды биыл жазға дейін қабылдауды жоспарлап отыр. Осылайша, бірыңғай тізілім келесі жылдан бастап іске қосылуы мүмкін. Ал қолданыстағы CT-KZ пен индустриялдық сертификаттар сол уақытқа дейін ғана жарамды болады.
Айя Мүтәлі