Мұз айдынын қолдан жасаған қария
Алматыда 40 жылдан бері мұз айдынын қолдан жасап келе жатқан қария тұрады. Валерий Паршаков ауласындағы алаңды сырғанаққа айналдырған. Қар жауып, күн суытқан сәттен бастап балалар мұнда ағылып келеді. Өзі де солармен бірге бос уақытын көңілді әрі тиімді өткізеді. 77 жасында салауатты өмір салтын насихаттап жүрген зейнеткермен тілшіміз тілдесіп қайтты.
Валерий Паршаковтың аяғына коньки байлап, мұз айдынына шыққанына 70 жылдан асқан. Әлі тың, қимылы ширақ. Балалық арманына адал болған қария отыз бес жасында қыздары үшін ауласына сырғанақ жасаған. Тау-кен ісі факультетінде білім алғандықтан, бұл жұмыс маған қиынға соқпады,-дейді.
Валерий Паршаков, қала тұрғыны:
Мен өзім шайбалы хоккейдің фанатымын. Сол үшін бұл алаңды салуға барымды салдым. Алғашында жан-жағын тақтаймен қоршап, шағын құрылым жасап алдық. Содан кейін су құйып, мұз қатырдық. 2018 жылы әкімдіктің көмегімен хоккей алаңы толық жабдықталды.
Мұнда кіру ақылы. Бірақ бағасы қымбат емес. Түскен табыс коммуналдық шығындарды өтеуге жұмсалады. Мұз айдынының аумағы – 750 шаршы метр. Бір мезетте 60-тан аса адам сырғанай алады. Күн өткен сайын келушілердің қатары көбейіп жатыр. Бір қызығы, бұл жерге тұрғындардың үш буыны сырғанақ теуіпті. Алғашқы буын қазір немерелерін әкеліп жүр.
Ернұр Медет, тілші:
Алматы сынды қысы ұзаққа созылмайтын қалада қолдан мұз айдынын жасау оңай емес екені анық. Алайда Валерий Паршаков бұл арманын жүзеге асыра білді. Жасы 80-ге жақындаған қарияның ендігі мақсаты дәл осы жерден шайбалы хоккей чемпиондарын шығару.
Ернұр Медет
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы