Министр Аида Балаева 48 азаматқа Президент стипендиясын табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр Аида Балаева 48 азаматқа Президент стипендиясын табыстады

16.01.2025

Бүгін Алматыда әдебиет және өнер саласының үздіктері марапатталды. Министр Аида Балаева 48 азаматқа Президент стипендиясын табыстады. Олардың қатарында белгілі жазушылар, танымал өнер майталмандары мен шығармашыл жас буын өкілдері бар. Еңбегі еленіп, мерейі үстем болғандар туралы Ернұр Медет баяндайды.

Министр жиынға қатысушыларды құттықтап, руханият саласына қосқан елеулі үлестері үшін алғысын білдірді. Жас ұрпақтың санасына ізгі құндылықтарды сіңіруге атсалысқан тұлғаларды мемлекет үнемі қолдауға дайын екенін жеткізді.

Президент стипендиясын иеленгендердің бірі – салт-дәстүрді насихаттап, ескіні жаңғыртып, есті әңгімелерімен халықтың жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметова. «Бауыржан Момышұлының келіні» деген атақты абыроймен арқалап жүрген тұлға еңбектің еленгені, көңілге медеу дейді.

Зейнеп Ахметова, жазушы, Президент стипендиясының иегері:

Баяғыда әжелеріміз айтатын,  «атымды атап, итке сал» деп. Сол кезде түсінбейтінбіз. Сөйтсек, аттың аталуы, ескерусіз қалмау мұның бәрі көңіл. Адамның көңілі көтеріңкі болса, дені де сау болады, басқа тірліктері де істеледі.

Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева да марапат төрінен көрінді. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақын биыл желтоқсаншылардың өрлігі мен ерлігі туралы жазылған «Жұбан» спектаклін үлкен сахнаға шығарған.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Президент стипендиясының иегері:

Біздің мақсатымыз - жазғанымыз жас ұрпақтың пайдасына ассын. Үлкендеріміз осылай айтты екен-ау деп, соларға пайдаға асатын аналық, қаламгерлік сөз айтсақ дейміз. Біздің арманымыз сол.

Сонымен қатар Нұрғали Нүсіпжанов, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов және Есмұхан Обаев сынды ірі қайраткерлер де марапатталды. Одан бөлек, өнер әлемінде өз сүрлеуін енді қалыптастырып келе жатқан жас дарындар да ұмыт қалмады.

Мақсат Саматов, опера әншісі, Президент стипендиясының иегері:

Мен үшін бұл - үлкен мәртебе. Президенттен марапат алу үлкен қуаныш болып тұр. Әсіресе жастарға әрі қарай мотивация десек болады. Өнерге деген, жалпы жұмысқа деген құлшынысты арттырады.

Ел іргесін нығайтуда мәдениет майталмандарының орны орасан. Сондықтан олардың қажырлы еңбегін бағалау, өскелең ұрпаққа үлгі ету игі дәстүрге айналып келеді.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу