«Жап-жас ата» фильмі көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жап-жас ата» фильмі көрерменге жол тартты

16.01.2025

«Жап- жас ата» атты комедиялық фильм үлкен экранға жол тартты. «Tiger Films» продюсерлік компаниясы таспалаған картинаның алдын-ала көрсетілімі Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті. Бұл кореялық «Big Ocean» компаниясының 2008 жылы шыққан «Бәлеқорлар» картинасының ремейкі. Бұл фильм - қос кинокомпанияның ортақ жобасы.

«Жап-жас ата» фильмінің басты кейіпкері – Дархан есімді танымал радио жүргізушісі. Бойдақ жігіттің өмірінде кенеттен баласы бар жас әйел пайда болып, өзінің туған қызы екенін және немересі бар екенін айтады. Дархан өзінің әке және жас ата болғанын жасыруға тырысады. Осылайша үш кейіпкердің таныстығы шытырман оқиғаға ұласады.

Олжас Тоғымбет, актер:

Енді бірінші дорама деп айтып жатыр. Көңілден шығады деген ойдамыз. Өте қызық, себебі өзіміз де күліп, өзіміз де біраз импровизация жасап, әр бөлімнен сабақ алса дедік.

Оңтүстіккореялық компания 5 жылда 20-дан аса телехикая, бірнеше көркем фильм түсірген. Ал отандық «Tiger Films» продюсерлік компаниясы бүгінге дейін 30 кинокартина түсіріп үлгерді. Фильмнің алдын-ала көрсетіліміне екі елдің кино мамандары мен жұлдызды қонақтар қатысты. Бұл ортақ жобаның бастауы, дейді шығармашылық топ.

Хван Дон Соб, «Big ocean» компаниясының бас директоры:

Бұл – біздің қазақстандық «Tiger Films» компаниясымен алғашқы жобамыз. Түсірілім алаңында болдық. Іскерлік байланыс орнатқанымыз үшін өте қуаныштымыз. Болашақта да бірлескен ремейк немесе басқа да фильмдер түсіруді жоспарлап отырмыз. Актерлік құрам жақсы таңдалған. Басты рөлдегі Олжас пен Аиданың образы керемет шыққан.

90 минуттық картина қоғамдағы отбасы құндылығы, ажырасу сынды түйткілді түсіндіреді. «Жап-жас ата» комедиялық драмасы бүгіннен бастап еліміздегі барлық Kinopark және Kinoplexx кинотеатр желісінен көрсетіледі.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу