Еліміз бойынша 10-ға тарта ірі кәсіпорын ауаға таралатын қалдықтарды есептейтін автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатпаған. Олардың 4-еуі бірдей Павлодар облысында. Қаңтардан бастап күшіне енген Экологиялық кодекске сәйкес өкілетті органдар бұл алпауыт кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуы тиіс. Бірақ қыстың көзі қырауда тұтас қаланы жылусыз қалдыру немесе ондаған өңірде жарықты өшіруге тағы болмайды. Мәселенің шешімі қандай? Меншікті тілшіміз Болат Аманбаев бұл сұраққа жауап іздеп көрді.
Павлодар өңірі өндірістік қалдықтардың қоршаған ортаға таралуы бойынша алдыңғы үштікте тұр. Былтыр 500 мың тоннадан астам зиянды зат ауаны ластаған. Миллиондап айыппұл салынса да, жағдай жақсарар емес.
Бауыржан Жансейітов, Мемлекеттік экологиялық инспектор:
Автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатпаған 8 нысанға өткен жылы 2 млн 800 мың теңге айыппұл салынған. Одан кейін ағымдағы жылы қаңтар айында 1 нысанға қайта тексеріс жүргізіліп, 800 мыңға айыппұл салынған болатын.
Бұл мәселеге келгенде мемлекеттік мекемелер де, өңірден сайланған депутаттар да шарасыз. Себебі экологиялық заң талабын белден басып отырған жәй кәсіпорындар емес, алпауыт мекемелер. Бүкіл Екібастұзды жылумен қамтамасыз етіп отырған жылу электр орталығы. Елімізге қажетті электр қуатының 40 пайызын беріп отырған МАЭС 1 станциясы. Павлодар қаласының кәріз жүйесіне және ауыз сумен қамтуға жауапты «қалалық су арнасы» серіктестігі және жіксіз темір құбырлар шығаратын «KSP Steel» кәсіпорыны.
Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
2025 жылдың 1 қаңтарынан заң күшіне енді. Автоматтандырылған мониторинг жүйесін қоймаған кәсіпорындарға алдымен айыппұл салынады, кейін жағдай түзелмесе, кәсіпорын жұмысы автоматты түрде тоқтатылады. Өңірлерде осындай 10 кәсіпорын бар. Солардың ішінде 4-еуі Павлодар облысынан. Өндірістік қажеттілік дегенді түсінеміз, бірақ заңға бағыну керек.
Автоматты мониторингтік жүйе ауаға бөлінген зиянды заттардың мөлшерін анықтап, әр 20 минут сайын Экология министрлігінің орталық базасына жіберіп отырады. Яғни, өндірістік қалдықты бұрынғыдай орта есеппен тіркеу деген болмайды. Улы заттарды түнгі уақытта төгеді деген күдік жойылады.
Валерий Филяев, «Павлодар су арнасы» кәсіпорыны басшысының орынбасары:
Біз табиғи монополияларға бағынышты мекеме ретінде барлық қаржылық шығындарды өкілетті органмен келісіп жасаймыз. Автоматтандырылған мониторинг жүйесін жасайтын, оны орнататын, оған салынатын қаржы сметасын «Жол картасы» бағдарламасына енгізіп министрлікке жібердік. Әзірге келісілген құжат бізге келген жоқ. Рұқсат берілсе, 2026 жылы монтаждауды жоспарлап отырмыз.
Нақты айтқанда, бұл 4 кәсіпорын да қаржы жоқ болғандықтан кейінге шегеріп отырмыз деп ақталады. Ал эколог мамандар сандық құрылғы орнатылып, эмиссиялық бақылау күшейтілсе, өндірістен таралып жатқан қалдықтар көлемі күрт өседі дейді. Демек экологиялық алымдар көбейеді.
Болат Аманбаев, тілші:
Бұл монополистер үшін өте тиімсіз. Сондықтан өңірден сайланған қалаулылар көпке созбай, бұл мәселені Мәжілісте көтермек. Себебі еліміз бойынша автоматты мониторинг жүйесін орнатуға тиіс 91 кәсіпорынның 72-сі ғана заң талабын орындаған.
Болат Аманбаев
