Түркістандық 14 жастағы жасөспірім әлем рекордын жаңартты
Түркістандық жасөспірім допты жерге түсірмей үздіксіз тебуден әлем рекордын жаңартты. Ол 2 сағаттан астам уақыт допты ауада ұстап тұру үшін 8 мыңдай соққы жасаған. Мамандар бұл нәтиже атақты аяқдопшы Месси мен Роналдудың жетістігінен екі еседей көп дейді.
Бұл - Мейрамбектің Ордабасы футбол академиясы ұйымдастырған жарыстағы сынға түскен сәті. 14 жасар қазығұрттық өрен сайысты қызықтаушылардың көзінше ала допты жерге түсірмей, 7 мың 994 рет теуіп баршаны таңқалдырды.
Ғаламтордағы деректерге сенсек, допты жерге түсіріп алмай тебуден ең үздік көрсеткіш бразилиялық әйгілі футболшы Роналдиньоға тиесілі болған. Мейрамбек даңқты спортшының жетістігінен 562 соққыны артық жасады. Қарапайым ауыл баласы бұл бұл жарысқа бір жылдай дайындық жасапты.
Мейрамбек Сілеусінов, оқушы:
Таңертең сабаққа кетемін, түсте келемін. Күнде 2-3 мың рет доп ұрып тұрамын. Жарысқа барғанда ешқандай қорқыныш сезімі болған жоқ. 8 мыңды істеймін дедім, кейін бас жүлдені алдым.
Мейрамбек доп тебумен 3 жылдан бері әуестеніп келеді. Оны спорттың бұл түріне ағасы Бекарыс баулыған. Інісінің ерекше қабілетке ие екенін байқаған ол күн сайын жаттығу жасатып, ақыл-кеңес беріп отырған.
Бекарыс Сілеусінов, Мейрамбектің ағасы:
Мейрамбек жастайынан допқа құмар болып ойнап өсті. Бірте-бірте қызығушылығын байқадым. Бастапқы кезде 100 мәрте теуіп бастап, одан кейін күшейіп келеді.
Жарыста топ жарған Мейрамбекке жергілікті «Ордабасы» футбол академиясы өкілдерінің бірден ықыласы ауды. Олар жасөспірімнің спортпен кәсіби шұғылдануына жағдай жасамақ.
Арман Пірманов, Ордабасы футбол академиясының өкілі:
Біздің ойымыз - баланы қазір ауданнан алып келу керек. Ағасы пәтер жалдап тұрады екен. Қаңтар айында бәрін көшіріп әкелмек. Әрі қарай жақсы ойнап жатса, Ордабасыға алып кетеміз
Мамандардың қолында Мейрамбек Сілеусіновтің 2 жарым сағат бойына допты жерге түсірмей тепкенін дәлелдейтін бейнетаспалар бар. Бірақ әзірге оның рекорды ресми түрде мойындалған жоқ. Биыл 8-сыныпта оқитын Мейрамбек болашақта футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетуді армандайды. Сондай-ақ, ала допты 10 мың рет әуеде теуіп, биылғы рекордты жаңартпақ ниетте.
Ғани Қалмахан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
