Басты Жаңалықтар Сарапшылар: Тіршілік нәрінен тапшылық туындауы мүмкін

Сарапшылар: Тіршілік нәрінен тапшылық туындауы мүмкін

Алдағы 20 жылда су тапшылығы қатты сезілуі мүмкін. Себебі, Қазақстан, жалпы Орталық Азия елдері тіршілік нәрін тау басындағы қардан алады. Ал алып ақ құрсаулар еріген сайын ауыз суға тапшылық арта бермек. Сондықтан климаттың өзгеруіне диагностикалық талдау жасау аса маңызды. Су қорын қадағалап, әр түрлі апаттардың алдын алу үшін Президент ЮНЕСКО аясындағы өңірлік гляциологиялық орталықтың қызметін қайта жаңғырту туралы тапсырма берді.

Сең қозғалып, тоңның жіби бастауы жақсылыққа жоритын дүние емес. Қазіргі таңда елімізде 2000-нан аса мұздық бар. Солардың ішіндегі ең танымалы – Тұйықсу мұздығы. Екі жарым шақырымға созылып жатқан бұл мәңгілік жабын жыл өткен сайын кеміп, жұқарып барады. Ал еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 50 пайызы мұздықтардан келетін суға мұқтаж. Осыны ескерсек, жаһандық жылыну экономикаға орасан зиян әкеледі,-дейді мамандар.

Төребек Тоқмағамбетов, тау криосферасын бақылау зертханасының жетекшісі:

Біздің зерттеулеріміз Қазақстанда температураның көтерілу үрдісі байқалатынын көрсетіп отыр. Бұл осы ғасырдың ортасына қарай таудағы өзендердің тасып, кейін олардың құрғап кетуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бізге жүйелі зерттеу жүргізіп, су ресурсын дұрыс қолдануды қолға алу керек.

ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы Алматыда құрылған өңірлік гляциологиялық орталық климаттық өзгерістерді зерттеуге үлкен үлесін қосып отыр. 4 жылдан бері ғалымдар тек мұздықтардың еруін зерттеп қоймай, сел тасқындары мен мұздықтар көлдерінің жарылуынан болатын қауіптерді төмендету жолдарын іздестіруде. Президент тапсырмасыман биыл орталыққа жаңа ғимарат берілді. Енді болашаққа болжам жасайтын нысанның жұмысы қайта жанданбақ.

Тахир Балықбаев, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры:

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы алдағы 2026 жылы болатын аймақтық климаттық саммитті, БҰҰ ның ауқымындағы сол саммитке дайындалуға тапсырма беріп, ол жерде де осы орталықтың қызметінің негізгі жетекші рөл атқаратынын атап кетті.

Қорыта айтқанда, бұл мекеме Алатаудың басындағы ақ жабынды бақылап, сараптама жасайды. Осы талдаудың негізінде әр ел алдағы уақытта криосфераға байланысты туындайтын мәселені шешу жолдарын, іс-қимыл жоспарын бекітеді.

Ернұр Медет


Бөлісу