Ұшақ апаты туралы құнды деректер қара жәшікте сақталады. Құрылғы оқиға қалай болғаны жайлы маңызды ақпарат береді. Бірақ ол қандай ақпарат? Қара жәшік шынымен де қара ма? Оның авиациядағы рөлі қандай? Әріптесім Темірлан Нұржанұлы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Әуе апаттарын тергеу кезінде мамандар құнды ақпаратты ұшақтың қара жәшігінен табады. Онда жазылған мәліметтер апат себебін анықтап, оқиға картинасын құрастыруға сеп болады. Экранда сондай анимацияның бірі.
Көпшілік қара жәшік деп атайтын құрылғы негізі қызғылт сары. Мұндай ашық түс құралды ұшақ бөлшектерінің арасынан тез ажыратып, табу үшін жасалған. Ұшақта негізінен 2 жәшік болады. Бірі FDR - Flight Data Recorder – әуе кемесінің ұшу деректерін тіркейді. Соңғы 25 сағаттағы қысым биіктігі, әуе жылдамдығы, магниттік бағыт, нормаль үдеуі сынды мыңдаған параметрлерді тіркейді. Ал екінші жәшік CVR, Cockpit Voice Recorder – дыбыс жазады. Бұл жәшікте соңғы 2 сағаттағы экипаж мүшелерінің сөздері, дабылдар, қозғалтқыш шуы, кабина аймағындағы дауыс пен радиохабарлар сақталады. Әдетте, қара жәшік апат кезінде жақсы сақталу үшін ұшақтың соңғы бөлігіне орналастырылады.
Нұрбек Шәкішев, ҚР Көлік министрлігі авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру басқармасының бас сарапшысы:
Қара жәшік деген кәдімгі мына біздің ноутбуктың ішіндегі не сияқты ғой, плата дейді ғой, сол. Бірақ енді қорғалған, қаншама 1100 температураға дейін шыдай алады. Егер суға түсіп кетсе, 60 метр тереңдікте ішіне су кірмейді дегендей. Сосын специальный сигнал беретіні болады тауып алу үшін қай жерде тұрғанын. 30 күнге дейін ол сигналын беріп тұрады.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Комет атты алғашқы коммерциялық ұшақ 1 жылдың ішінде 3 рет апатқа ұшырайды. Оқиға себебін анықтау барысында қара жәшік идеясы ұсынылды. Кейін бұл құрылғыны барлық коммерциялық әуе кемелеріне орнату міндеттелді.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Қара жәшікте сақталған деректерді талдау арқылы мамандар апатқа ықпал еткен факторларды анықтай алады. Бұл, өз кезегінде, ұшу қауіпсіздігін арттыру және болашақта әуе апаттарының алдын алу үшін тиісті шешімдер қабылдауға негіз болады.
Темірлан Нұржанұлы