Басты Жаңалықтар Шымкентте 2 мыңдай отбасы 10 жылдан бері үйін рәсімдей алмай жүр

Шымкентте 2 мыңдай отбасы 10 жылдан бері үйін рәсімдей алмай жүр


Атадан қалған жері бар, бірақ меншігі емес, басыбайлы баспанасы болғанымен, өздері тіркеуде жоқ. Шымкент қаласында 2 мыңдай отбасы оншақты жылдан бері үй-жайын рәсімдей алмай, сандалып жүр. Кейбір тұрғын сотқа жүгінсе де, мәселе оң шешімін таппаған.

Ділмұрат Төлеметов бабасынан мирас болып қалған мына үйге әлі күнге заңды иелік ете алмай келеді. Ертеректе жер теліміне мемлекеттік акті алғанымен, деректер базаға енбеген. Амалсыз ерлі-зайыптылар өзге жерде, балаларының бірі туыстарының, енді бірі таныстарының үйінде тіркеуде тұр.

 Ділмұрат Төлеметов, тұрғын:

 Қайда баратынымызды білмейміз. Тіркеу жоқ. Балаларымызды анда-мұнда тіркейміз. Ол жақтан шығарып жібереді. Тұрақты болмайды. Өзіңнің құжатың болмаған соң, пәтер жалдайтын сияқты боласың.

Осындай күй кешіп жүрген 2 мыңдай азаматтың дені - Сайрам және Испиджап тұрғын алабында тұратындар. Бұл аймақтар кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрамында болған. Кейіннен облыс орталығының қарамағына өтті. Ал бертінде Шымкент мегаполис мәртебесіне ие болып, өңірден ірге ажыратып кетті. Баспанасын растайтын құжаты болмаған соң бұл отбасылар өз үйінде өгейдің күйін кешіп келеді. Үйін сата алмайды, қазынаға салық та төлемейді.

Хауазмат Тулеметов, тұрғын:

Енді бұл мәселе кеше-бүгін көтерілген жоқ. Оның ішінде қанша әкімдер ауысты. 3-4 рет ауысты. Біз барлығына айтқанбыз. Ол баяғыдан тұрған үйлер ғой. Кеше-бүгін салынған үй емес. Біз оны дәлелдеп бере аламыз.

Әдепкідегі тұрғындардың құлықсыз әрекетінен енді деректерді нақтылап, құжатты реттестіру тіпті қиын соғып тұр. Мамандар бұл мәселе сотсыз шешілмейді дейді.

Бақыт Омарханов, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Олар сотқа талап-арыз жазады. Біз басына шығып, жердің бос, бос еместігін анықтап келісім береміз. Келісім берген жағдайда олар соттың шешімімен мүлікті жекеменшік құқына шығара алады.

Тұрғындардың біразы осы талапқа бағынып, сотқа жүгініп те көрген. Бірақ түрлі себептермен тірліктері тынбаған. Сондықтан енді қала әкімдігі жанынан арнайы комиссия жасақталып, құжаттандыру ісін біржақты етіп бергенін қалайды.

Ғани Қалмаханов


Бөлісу