«Жібек жолы» туристік пойызы тағы да саяхатқа шықты
Алматыдан шыққан туристік пойыз Өзбекстанның Ташкент, Самарқан қалаларын аралап шықты. «Жібек жолы» теміржолы туры алдымен ел астанасына аялдады. Қазақстаннан келген қонақтарды ала шапан киген ағайын сән-салтанатымен күтіп алды.
Туристер сапарын «Қарлығаш әулие» атанған Төле би кесенесіне зиярат етуден бастады. Бұл кешен – шаһардағы көрікті жерлердің бірі. Сондықтан мұнда Орталық Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан және шет елдерден келетін қонақтардың қарасы қалың. Одан соң саяхатшылар Хазреті Имам кешеніне барып, Шығыс сәулет өнерінің ерекшелігіне тәнті болды. Қаланың қақ ортасында орналасқан нысан алыстан бірден көзге түседі. Бұл жер өзбек мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Теміржолы турының мақсаты да осы. Қос мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, туризм арқылы рухани-мәдени мұраларды дәріптеу.
Шухрат Исақұлов, Өзбекстан Республикасы туризм комитеті басқармасының басшысы:
Қазақстан мен Өзбекстан – мың жылдан астам достық қарым-қатынаста, ортақ тарихы бар «Жібек жолының» бойындағы мемлекеттер. Осындай жобалар арқылы біз ықпалдастықты одан сайын күшейтіп, екі елдің де туризмін дамытып жатырмыз. Бұл теміржол туры арқылы тек Қазақстаннан Өзбекстанға емес, Өзбекстаннан Қазақстанға да туристер апаруға болады. Қазір 4 вагонмен 100-ден аса адам келді. Алдағы уақытта вагон санын 20-ға жеткізіп, 700-дей жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік бар.
Демалушыларға жарқын эмоция сыйлаған тағы бір нысан – 4 жыл бұрын ашылған ойын-сауық қалашығы. Азиядағы аса ірі парк 20 гектар жерді алып жатыр. Іші ертегілер еліндей безендірілген. Түрлі-түсті шамдар, әртүрлі мультфильм кейіпкерлері, ал көшелері әлемнің танымал қалаларының архитектуралық стилінде салынған.
Ернұр Медет
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы