Сыр өңіріндегі шығармашылыққа серпін берген өнер орталығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңіріндегі шығармашылыққа серпін берген өнер орталығы

25.12.2024

Сыр өңірінде «Руханият» жылы аясында ел игілігіне берілген нысандардың бірі заманауи өнер орталығы. Ерекше сәулетке ие ғимарат биыл облыстық филармония ұжымына тарту етілді. Аймақ өнерпаздарының шығармашылығына серпін әкелген өнер ордасының тыныс-тіршілігін тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп келді.

Жарты ғасырлық тарихы бар облыстық филармония ұжымы осы кезге дейін шағын клуб ғимаратында жұмыс істеп келді. Міне, биыл бұл мәселе шешімін тауып, Сыр өңірінің кәсіби өнерпаздары әсем де еңселі өнер орталығына көшті. Қазір мұнда 10-нан аса ұжымы, 300-ден аса өнер адамы шығармашылығын жетілдіріп, еңбек етуде.

Талғат Мақаш, Облыстық филармонияның директоры: 

Заманауи би ансамблінің ашылуы, одан бөлек хор ұжымы ашылды. Былтырғы жылы симфониялық оркестр ашылған болатын. Мінекей, сол симфониялық оркестірдің бірнеше концерттерін бердік. Елдің зор қошеметтеріне бөленіп жатыр.

Мәдениет сарайының құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған. Ел руханиятына қызмет ететін өнер ошағы ұлттық нақышта безендірілген.

Әділбек Серікұлы, тілші: 

Жаңа өнер ордасының басты құндылығы ол мың орынға арналған концерт залы. Сахнаға түгелдей лэд экран қойылған. Және де соңғы үлгідегі жарық шамдары мен дыбыс күшейткіш қондырғылармен жабдықталған. Мұнда қазір симфониялық оркестрдің жаңа жылдық концертке дайындығы жүріп жатыр.

Симфониялық оркестр аймақтың мақтанышы. Құрылғанына бір жылдан асқан өнер ұжымында 30 кәсіби музыкант бар. Өнерпаздар ішекті, үрмелі, ұрмалы аспаптардың әуезімен отандық және әлемдік классиктердің күрделі туындыларын орындап жүр.

Мүслім Әмзе, Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі: 

Әзірбайжан композиторы Уздеир Гаджибековтың «Аршымаллан» опереттасын қойдық. Кез келген филармонияда бола бермейтін жағдай. Себебі, осы филармонияның әртістерімен, әншілерімен, бишілер бар осы оркестр бірге екі күн қатарынан премьерасын өткіздік.

Жалпы өнер ордасы ашылғалы еліміздің өнер майталмандарының концерттік бағдарламалары көбейді. Яғни, жаңа мәдениет сарайы жергілікті жұртшылықтың рухани орталығына айналды.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу