Ташкентте қылқалам шеберінің мұражай-үйі бар. Мұнда 150 ден астам картинасы қойылған, тұтынған заттары да сол күйі сақтаулы. Өнер иесі салған туындыларды көруге шетелдіктер, оның ішінде қазақстандық меймандар жиі ат басын бұрады.
Орал Таңсықбаев Ташкентте қазақ отбасында дүниеге келген. Бүкіл саналы ғұмыры осы шахарда өтті. Кенебі мен қылқаламын алып, Орталық Азияны аралап, әсем табиғатты сан түрлі бояумен кенепке түсіріп, ғажап өнер туындыларын қалдырды. Тау мен даланың жыршысы атанған суретші адам мен табиғат арасындағы үндестікті ерекше бейнелеген.
Бақтияр Темірбеков, Ташкент қалалық қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары:
Жүз жылдан бері кәдімгідей сақталып тұрғанына мен қайран қалдым. Орал атамыз табиғатты ерекше сүйген, біз қазір ол салған суреттерге қарап сол табиғат аясында жүргендей әсер алып отырмыз.
Бұл үйде суретші 1967-74 жылдар аралығында өмір сүрген. 1981 жылдан бері мұражайға айналған мекен келушілерден босамайды. Қылқалам шеберінің тұтынған заттары сол күйі сақтаулы. Орал Таңсықбаевтың зайыбы оның мұраларын мұқият жинақтаған. Үй артындағы аулаға екі қабатты шағын галерея салынып, ол жерге суретшінің картиналары қойылған.
Фарход Джалилов, Орал Таңсықбаев мұражай-үйінің директоры:
Мұражай мемлекет қарамағында, жыл бойы жұмыс істейді. Келушілер мұнда тегін кіре алады. Жергілікті тұрғындармен қатар бұл жерге шетелдік саяхатшылар да ат басын жиі бұрады. Арасында әрине, қазақстандықтар да көп. Туристердің мұндай орындарға қызығушылығы ерекше.
Марат Арынов, Ташкент қаласының тұрғыны:
Қазақстаннан келген қонақтар осы мұражайды көрсе, үлкен әсер алады. Құлақпен есіткен бір басқа, өз көзімен көрген ерекше.
Суретшінің «Алматыдағы қыс», «Туған жер», «Ымырт, Таудағы ауыл» секілді атақты картиналарын осы жерден көруге болады. Сондай ақ, оның еңбектері Ташкент пен Нөкісте мемлекеттік өнер мұражайының алтын қорында сақтаулы.
Базарүгүл Отыншиева