Қазақстан жасанды интеллектіні жан-жақты қолдана бастады. Технологияның дамуы еліміздегі әр салаға, соның ішінде білім жүйесіне көптеген өзгерістер енгізді. Биыл жасанды зиятты енгізу бойынша қандай қадамдар жасалды? Әріптесім Темірлан Нұржанұлы шолып шықсын.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Биыл Үкімет жасанды интеллектіні дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасын қабылдады. Ондағы мақсат жаңа технологияны экономика, логистика, денсаулық сақтау және тағы басқа бағыттарда жетілдіру. Білім мен ғылым салалары да тыс қалмады. Тұжырымдамада жасанды интеллектімен жұмыс істейтін мамандар даярлау көзделген.
Рысгүл Құдіретоллаева, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті білім беру мазмұны басқармасының басшысы:
Жасанды интеллект саласы бойынша 15 жоғары оқу орны, 20 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырады. Ол бағдарламаларды айтып кететін болсақ, жасанды интеллектінің негіздері, кибернетика және жасанды интеллект, медицинадағы жасанды интеллект, білім берудегі жасанды интеллект және тағы басқа бағдарламалар. Осы бағдарламалар бойынша біздің жоғары оқу орындарында 2000-нан астам студент білім алуда.
Елордадағы Astana IT университетінде жасанды интеллект ғылыми орталығы бар. Мұнда жаңа технологияның көмегімен белгісіз объектілер мен құбылыстарды анықтайды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда адам бейнесін табу, жануарларды классификациялау және медициналық суреттердегі обыр мен қатерлі ісіктің түрін анықтау сияқты жұмыстар жүргізілу үстінде.
Бейбіт Әбдікенов, ASTANA IT университеті Жасанды интеллект ғылыми орталығының директоры:
Курс кезінде жаңағы дән-дақылдардың түгі болады. Өсімдіктердің түгіне классификация жасау. Сондай жеңілірек жұмыстар береміз. Ертең оны үйреніп, ары қарай басқа да сол қолданған тәжірибелерін үлкен жобаларға қолдануға болады. Негізгі өзімнің бағытым жасанды интеллектінің ішінде, компьютерлік көру. Сол бағытта жұмыс істейміз.
Жасанды интеллектінің арқасында мектеп ұстаздарының да тайм-менеджменті жақсармақ. Технологияның көмегімен мұғалімдер уақытын үнемдей алады.
Азамат Жұмахмет, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті:
Мысалы, қысқа мерзімді жоспарға егер де ұстаздар 3 сағат жұмсаса, жасанды интеллектінің арқасында ол уақыт 20 минутқа дейін қысқарды. Астана қаласындағы жайлы мектептеріне 3 күндік шеберлік практикалық сағаттар ұйымдастырғанбыз. Балаларға арналған тегін ІТ курстар дайындап жатырмыз. Соның ішінде жасанды интеллектіні этикалық жағынан қалай қолдану керек, сол туралы да айтып кетеміз.
PwC зерттеуіне сенсек, жасанды интеллектінің арқасында жаһандық жалпы ішкі өнім 2030 жылға қарай 14 %-ға жоғары болуы мүмкін. Осы сынды болжамдар өте көп. Сондықтан да елдердің жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуі қалыпты жағдай.
Темірлан Нұржанұлы