Әлеуметтік желілерде олжаға оп-оңай кенелуге болатындай контент жасайтындар бар. Көл-көсір ақша табу жеп-жеңіл шаруа сияқты. «Соның жолын үйретемін, курсымды сатып ал» дейтіндерден бастап, «лавр жапырағына тілегіңді жазып жастығыңның астына қой» деген сияқты жұмсартып айтқанда, жымиятын «кеңес» беретіндер.
Ең сорақысы - несие алып курсқа жазылатындар аз емес. «Менің атым Қожадағы» Сұлтан сияқты «ақшаны төбеңнен жаңбырша жауғызамын» дегенге сенетіндей олар кішкентай Дәулет емес ғой деп ойлайсың. Алайда аңғалдықтың шегі жоқ екен.
Әрине, қазіргі сандық/цифрлық технологиялар көп мүмкіндік беріп отыр, жаңа нарықтар, жаңа қызмет түрлері шықты. Жылдамдық артты. Бірақ мұны «сұлтекеңдер» мен «сұлтангүлдер» де пайдаланып отыр. Мазмұннан жұрдай, сылдыр су ақпарат тізілген инструменттер немесе әу бастан өтірікке құрылған әдіс-тәсілдерді қолданады. Ақшасын төлесе болды, сапасына немесе тіпті денсаулыққа зияны жоқ па, қарамайды, жарнаманы да жасай береді. Соңында қымбат үй, қымбат көлік және саяхаттарын көрсетіп, «Міне, осыған кенелесің» дегендей көзін қысып қалады.
Иә, бұл әлеуметтану ғылымы зерттейтін күрделі тақырып. Себебі жұмыс таппай қиналуды, жалақының аздығын, жалпы дәулетті өмір сүруге әркімнің қақы барын ескерсек, елең ете қалу факторын мансұқ ете салу да дұрыс емес.
Экономиканы қадағалап отыратын Еnergyprom.kz порталының жазуына қарағанда Қазақстан ТМД ішінде жұмыссыздық бойынша алғашқы үштікке енген. 4,8 процент. Жалпы 187 елдің арасында 104 орында.
Дәулеттісі аз мемлекетте аңғал адамнан алдап ақша алу, алғанда да жүйелі түрде жинау... ондайларға әдеби сөз қолдану қиын. Төлеуі керек салықты толық төлей ме, өздері?- деген заңды сауал және бар.
Біреудің әмиянындағы ақшаны санайтын біз емес, несиеге курс сатып алатындар, «ақша бұлттардың арасында ілініп қалу» сияқты қоғамға керек емес тенденция байқалғасын Елдос Есенбол материал жасады.