Ұлыбританияда айықпас дертке шалдыққан адамдарға эвтаназияның көмегімен өмірмен қоштасуға рұқсат етуі мүмкін. Депутаттар маңызды құжатты парламентте қарап, алдын ала мақұлдады. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.
40 жастағы Софи Кореварға дәрігерлер 2 жыл бұрын шашыранды склероз диагнозын қойған. Емі жоқ дерт науқасты мүгедек етіп, адам төзгісіз азапқа ұшыратуы мүмкін.
Софи Коревар, науқас:
Ауру мені дәрменсіз етіп, жанымды жегідей жемес үшін өз қалауыммен өмірмен қоштасуыма рұқсат берілсе деймін.
Өткен жылы британиялық 40 азамат Швейцарияға барып, дәрінің көмегімен өз жанын қиған. Бірақ көрші елдегі медицина қызметі қымбат, әрі науқастың жақындары бірге еріп бара алмайды. Өйткені оларға жаза қатал - 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ким Лидбейтер, Ұлыбритания парламентінің мүшесі:
Бізде науқастың соңғы демі таусылғанша көмектесетін хоспистер бар. Бірақ паллиативті көмек азапты жеңілдетпейді. Дұрысы - эвтаназия.
Бұл бастамаға қарсылар да көп. Оппозициядағы депутаттар мәселе бүге-шүгесіне дейін зерттелуі керек деген пікірде.
Дэнни Крюгер, Ұлыбритания парламентінің мүшесі:
Егер біз жетіле қоймаған паллиативтік көмек жүйесін реттеп, хоспистерді дұрыс қаржыландыра білсек жағдай түзелер еді.
Эвтаназияны қолдамайтындар парламент алдына жиналып, наразылықтарын білдірді.
Қызу пікірталастардан кейін депутаттар заң жобасын басым дауыспен мақұлдап, Жоғары лордтар палатасының қарауына жіберді. Алдағы алты айдан кейін ақырғы шешім шығарылады.
Марина Бекенова