Кезінде Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғалар бүгінгі мектеп бағдарламасындағы оқулықтардан алынып тасталған. Олар Сәбит Дөнентаев, Иса Байзақов және Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бір қызығы, әдебиет сыншылары мен жазушылардың өзі бұдан бейхабар болып шықты. Әдебиет алыптарының туындылары не себепті ескерілмеген? Әріптесім Болат Аманбаев зерделеп көрді.
Биыл Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдығы Ақсу өңірінде кеңінен аталып өтті. Кітабы жарық көрді, шығармашылығына арналған республикалық мүшәйра ұйымдастырылды. Осы шараға келген қонақтар ақынның шығармалары мектеп оқулықтарынан әлдеқашан алынып тасталғанын естіді.
Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы:
С. Дөнентаевты кітапқа кіргізбеген, алып тастаған адамдар өздерінің деңгейінің қаншалықты төмен екенін көрсетіп алды. С. Дөнентаевтың шығармасының соңында Совет үкіметі туралы айтылатын «Көркемтайда» бір ауыз сөз бар. Менің ойымша С. Дөнентаев бұл сөзді өзі жазған жоқ. Бұны сол уақытта оған жаздырып қостырды. Осы нәрсені олар бұл Советтік шығарма деп ойлап алып тастаған болуы тиіс.
Сәбит Дөнентаев – революцияға дейінгі әдебиет майданындағы алғашқы бұқарашыл ақын. Бұл - заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың бағасы. Оның «Көркемтай» певестьі - қазақтың жаны, бір жетімнің тағдыры арқылы қазақтың тауқыметін суреттеген классикалық туындының оқулықтан табылмауы – тарихқа қиянат дейді зиялы қауым.
Болат Аманбаев, тілші:
Өз заманында оң бағасын алған көркем туындыны қазіргі оқушының түйсігі қабылдай алмайды, түсінбейді деген тұжырым жасапты мамандар. Десе де, оқулықтан түскенмен Көркемтайдың оқырманы әлі де бар. Ақынның 130 жылдығы қарсаңында «Көркемтай» шығармасы үлкен тиражбен шығарылып, мектептер мен кітапханаларға тегін үлестірілген.
Серік Елікбай, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Оқулықтың ішінде «Көркемтайдың» болмауы бұл ессіздіктің жоғары түрі деп айтуға болады. Немесе біздің рухани жағынан кедейшілігіміздің нағыз мысалы деп ұғуға болады. Көркемтайды оқыту қиын деп айтатын бұл мәселе балада емес, мәселе оқытушының әлсіздігі, оқушыныкі емес.
Зиялы қауым Мәшһүр Жүсіп Көпеевті қазақ әдебиетінің қасқа тісі еді дейді. Ол да оқулықта жоқ. Айтыс пен жазбаның жығылмас туы Иса да жоқ. Оқулықтағы олқылықты жауаптылар ескермекке уәде етті.
Біржан Ермекұлы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім мазмұны институтының ғылыми қызметкері:
С.Дөнентаевтың, И.Байзақовтың, М.Ж.Көпеевтің шығармалары Абай мектептерінде оқытылып жатыр. Бұл өзінің тиімділігін де көрсетіп, балаларға рухани танымдық негіздеме беріп отыр. Қазіргі таңда жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламасына осы үш автордың шығармаларын енгізуді талқылап отырмыз.
Әдебиет оқырманның ыңғайына емес, оқырман әдебиеттің ығайына көнуі тиіс. Сондықтан, мектеп оқулығын шығаратын мамандар осыған мән берсе дейді жазушы қауым.
Болат Аманбаев