Ұлт ұясы Ұлытауда айтулы күн. Тұңғыш рет бокстан қыздар арасында Республикалық чемпионат өткізілуде. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен ең мықты деген былғары қолғап шеберлері бақ сынауға келді. Тартысты бәсеке жайлы толығырақ тілші тарқатады.
Бәсеке 2007 мен 2010 жылдары аралығында туған қыздар арасында өтеді. Ел чемпионатына Астана, Алматы мен Шымкент қаласынан және барлық облыстан 300-ге жуық қатысушы жиналған. Аделя Союзбекова жарыста Абай облысының намысын қорғайды. Жасөспірім 9 жасынан бері былғары қолғапты серік етіп келеді. Алғашқы қарсыласын үлкен басымдықпен жеңген жас спортшының мақсаты – чемпион болу.
Аделя Союзбекова, спортшы:
Осы бірінші күндегі бойды жеңіп, ұтып, екінші күнге өзіме үміт артып отырмын. Жеңемін деген ойдамын. Қазақстандағы барша облыстарға сәттілік тілеймін. Болашақта халықаралық турнирден бірінші орын алып, Қазақстанның атағын шығарғым келеді.
Ұлытау жерінде бокстан Республика және Азия чемпиондарын тәрбиелеген танымал бапкер Айтпай Сеитов туған күні жарыспен тұспа тұс келіп отыр. Бәсекенің ашылу рәсімінде жаттықтырушыға облыс әкімінің атынан құрмет грамотасы табысталды.
Саят Балмағамбетов, Ұлытау облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы:
Осы бокс спортын дамыту мәселесі бойынша Қазақстан бокс федерациясы, Ұлытау облысының әкімдігі және Ұлытау бокс федерациясы бірлесіп осы Қазақстан чемпионатын өткізіп жатыр.
Ұлытау облысында 1500-ден аса жасөпірім бокспен айналысады. Оның ішінде жүзі қыз бала, жиырмаға жуық бапкер жұмыс істейді. Биыл ғана ұлт ұясынан шыққан жас спортшылар Азия чемпионатынан бір алтын, бір күміспен оралды.
Елдос Абдраев, Ұлытау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Біз осы Ұлытау облысының, өзіміздің спортшыларымызға үміт артып отырмыз. 4 қызымыз іріктеуден өтіп, келесі жылы Азия чемпионатына, Әлем чемпионатына қатысады деген сенімдеміз.
Жарыс 5 күнге жалғасады. Былғары қолғап шеберлеріне халықаралық дәрежедегі және бірінші санаттағы төрешілер баға береді. Чемпионат іріктеу ретінде саналып, жеңімпаздары республикалық құрамада өнер көрсетіп, Азия және Әлем чемпионатына жолдама алады.
Жандос Бақытұлы