Маңғыстауда «Адай» жылқысын көбейту үшін жол картасы әзірленуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда «Адай» жылқысын көбейту үшін жол картасы әзірленуде

21.11.2024

Маңғыстауда «Адай» жылқысын көбейтуге мемлекеттен қолдау қажет. Қазір жергілікті шаруалар асыл тұқымды, ерекше қасиеттерге ие сәйгүліктерді әркім шамасына қарай бағып, дамытып келеді. Бірақ, кейде ет үшін сойып, сататындар да бар. Сондықтан шаруалар «өңірлік бренд, жеке тұқым» мәртебесін иеленген «Адай» жылқысын көбейту үшін, облыста зауыт салып, ғылыми зерттеулер жүргізуді сұрайды.

Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Әлеке Бөлтеков 15 жылдан бері «Адай» жылқысын бағады. Шаруашылығында 50 шақты арғымағы бар. «Адай» жылқыларын көбейту үшін ол асыл тұқымды айғырлармен будандастырып, құлын алып отыр. Мектепте ұлттық ат спортын дамытуға да үлес қосады. Алайда, «Адай» жылқысы патент алғанмен, қолдау жоқ, тіпті атшабар алаң да жоқ, дейді ол.

Әлеке Бөлтеков, шаруа қожалығының иесі:

Үкіметтен қолдау болмайды, жем-шөбі басқа да шығындары өз мойнымызда. Арнайы құжат болса, өңірімізде зауыт болса, соған ғылыми жұмыстар жасалса. Мысалы Бөлтек шаруа қожалығында осындай асыл тұқымды айғырлар тұр. Болмаса тағы бір қожалықта жақсы-жақсы биелер тұр. Олардың сынамалары алынып дәлелденсе.

«Адай» жылқысы – Маңғыстаудың шөлейтті табиғатына шыдамды, әрі алысқа шабады. Соның дәлелі - атбегінің «Дәуқара» тұлпары былтыр «Ұлы дала жорығы» жарысында 1 200 шақырымда топ жарған «Көкмойнақ» командасындасының құрамында болды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

«Адай» жылқысының ерекшелігі - төзімділігінде. Олар бір тәулік бойы демалмастан шаба алады. Тағы бір өзгешелігі - шөп талғамай, теңіздің тұзды суын ішеді. Ал басқа жылқылар ащы суды іше алмайды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аймақта жылқы бағатын 1 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Былтыр өңірде 50 млн теңге бөлініп, 1 мың «Адай» жылқысына генетикалық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде асыл тұқымды екені дәлелденіп, куәлік берілді. Енді шаруалар өз жылқыларын тексертіп, куәлік алулары қажет. Сол кезде мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған.

Ботагүл Құттымұратова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Олар егер де асыл тұқымды малды сатып алатын болса, сол шығын орнына қалпына келтіріледі, субсидияланады. Негізі барлық малға арналған азық-түлік сатып алуға жіберілген шығын асыл тұқымды малға да қатысы бар.

Президент айтқандай, «Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы – «Адай» жылқысын көбейту үшін облыста арнайы «Жол картасы» әзірленеді. Соның негізінде асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруаларға қолдау көрсетіледі.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу