Бұралқы иттерге эвтаназия салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұралқы иттерге эвтаназия салынуы мүмкін

21.11.2024

Енді бұралқы иттерге эвтаназия жасалуы мүмкін. Яғни, адам өміріне қауіпті қаңғыбас итті 15 күннен кейін, ал иесіз қалған жануарды 2 айдан кейін жансыздандыру ұсынылып отыр. Мәжілісте депутаттар мен түрлі сарапшылар арасында қызу пікірталас болды. Экология министрлігінің есебінше, бір қаңғыбас итті асырауға күніне 5 мың теңге жұмсалады. Депутаттар мұндай қаражат жұмсау ақылға сыймайды дейді. Пікірлерін тыңдайық.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы жерде қарапайым логикалық сұрақ туындайды. Мұндай жануарларды уақытша ұстау изоляторында не үшін 60 күн ақша жұмсап, бағуымыз қажет? Біз тіпті мектеп оқушылары үшін бюджеттен осынша қаржы жұмсамаймыз. Бір баланың біліміне күніне 840 теңге ғана бөлінеді.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Олардың бәрі бір мезетте осы процедураны өткізетін болса, 15 млрд теңгедей қаржы қажет, одан бөлек жыл сайын вакцина егу керек. Сондықтан бюджет бойынша мемлекетке салмақ салмау жағын да ойластыруымыз керек. Ең бастысы адамдардың, қоғамның қауіпсіздігі.

Ал бұралқы иттерден зардап шеккендер саны көбейіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, биылдың өзінде 44 мың адамды ит қапқан. Оның ішінде 14 жасқа толмаған 17 мың бала бар. Зардап шеккендер арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ.

Жанат Жамалбекова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Медициналық көмекке жүгінген адамдардың тек ресми стистикадағы саны ғана. Одан да көп болуы мүмкін. Құтырманың клиникалық белгілері басталғанда адамға ешқандай медициналық жәрдем, дәрі-дәрмек көмектеспейді. Бұралқы иттердің санын азайту бастамасын қолдаймыз.

Ит асыраушылардың жауапкершілігін арттыру үшін бір жыл бұрын үй жануарларын таңбалау міндеттелген еді. Алайда, ресми тіркеуден өтпегендер әлі де көп. Статистикаға қарасақ, әуелі 28 мың үй жануары тіркелсе, қазір оның саны 900-ге қысқарған. Яғни, міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін қаңғып жүрген иттер керісінше артқан.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу