Аударма ісі. Көркем әдебиет, философиялық, іскерлік, басқа да бағыттағы мықты шығармаларды қазақшаға тәржімәлау. Қазақ тілінің мазмұнын арттыратын, «өлмеуіне» септесетін бірден бір фактор.
2004 жылдан 2011 жылға дейін «Мәдени мұра» аясында 500-ден аса кітап 1,5 млн астам тиражбен басылған екен. 2017-2020 жылдары «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» айдарымен әрқайсысын 10 мың тиражбен кітаптар басып шығарған.
Екі бағдарлама бойынша да негізінен философия, тарих, мәдениеттануға қатысты ғылыми еңбектер жарияланды. Сапасы туралы ешнәрсе айта алмаймыз, тұщынып оқығандар бар деп үміттенеміз..
Жекеменшік баспаханалар негізінен көркем әдебиетке ден қояды. Нарықтағы баспагерлердің пікірін оқысақ, былай дейді: «Бір кітаптың құқығын алып, аударып, басып шығаруға кемінде бір жарым жыл уақыт кетеді».
Сонымен бірге түпнұсқадан аударатын маман тапшы. Өмірден өтіп кеткен белгілі аудармашы Кеңес Юсуп бір интервьюінде «...Хэмингуейдiң: «Құдай-ау, талай рет «Соғыс және бейбiтшiлiктi» қолыма алдым. Талай оқыдым. Мен ағылшын тiлiн ғана бiлетiн адаммын. Бiрақ Констант Гарднердiң аудармасы қолыма тигенге дейiн мен мына кiтапты оқи алмай тастап кете беретiнмiн» дегенiне тоқталған екен.
Кеңес Юсуп сол сұхбатында «Орыстар, мәселен, Батыс Еуропаның әдебиетiн 1980 жылдары-ақ толық аударып алған» деген.
Амангелді Сейітханның сараптамасы.