Басты Жаңалықтар Маңғыстауда үй кезегінде тұрғандарға баспана берілді

Маңғыстауда үй кезегінде тұрғандарға баспана берілді

Маңғыстауда Мұнайлы ауданында үй кезегіндегі тұрғындарды баспанамен қамту үшін 400-ден астам пәтер сатып алынған. Бүгінде 200-ге жуық отбасы бапаналарына қоныстанды. Ондаған жыл үйсіз-күйсіз жүріп, мемлекеттің қолдауымен баспаналы болған тұрғындармен тілшіміз кездесіп қайтты.

Алтын алқалы Жансұлу Алғашбаева жеке баспанасы болмай, көп тауқымет тартқанын айтады. Қарақалпақстаннан Маңғыстауға қоныс аударып, шиеттей балаларымен бірнеше отбасымен бір үйде бірге тұрған.

Жансұлу Алғашбаева, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

Әр жерде базада жүрдік, оны жасыратыны жоқ. Одан үй салдық, сол үйді барлығымыз бөлістік. Үйім жақсы. Қайдан кірдім деп, сенбей де кірдік. Сонымен, міне, газ жанып тұрса, су келіп тұрса, котель үйде.

Ал жалғызбасты ана Сәнбибі Айсабаева екі баланы өзі өсіріп отыр. 11 жыл үй кезегінде тұрып, жуырда 70 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Сәнбибі Айсабаева, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

Осы үйді әкімшілік берді. Мың да бір рақмет, ризамыз. Комфорт класс дейді, ремонтымен, аппақ есігімен. Балалар да қуанды, өзіміз де қуанып қалдық. 11 жыл бойы үй жалдап жүрдік қой, қазір әйтеуір үй жалдамаймыз. Өзіміздің үйіміз.

Мұнайлы ауданының әкімдігі үй кезегіндегі тұрғындарды баспанамен қамту үшін былтыр 186 пәтер сатып алған. 30-дан астам баспана тұрғындардың сұрауымен Маңғыстау және Батыр ауылдарынан, қалған пәтерлер ауданның қақ ортасындағы заманауи тұрғын үй кешенінен берілген.

Ғабит Салихов, Мұнайлы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Ағымдағы жылы 222 пәтер сатып алынды, бұл да екінші кезеңмен «Монако» тұрғын үй кешенінің екінші үйі толықтай сатып алынды. Бұл қазір Президенттің жарлығымен «Отбасы банктің» құзырына берді. Кезектілікке тіркеу және үй беру. Сол жаққа жолдадық. Алдағы уақытта осы кезектілікті күтіп отырмыз, осы қараша айында береміз деп есептеп отырмыз.

Баспаналар кезектегі көпбалалы және жалғызбасты аналарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, күміс және алтын алқа иелеріне жалдамалы пәтер ретінде берілуде. Бірақ тұрғындар ары қарай үйлерін қалдық құнын төлеп, сатып ала алады

Бөлісу