Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға ресми сапармен барды

10.11.2024

5 қарашада Франция президенті Эммануэль Макрон X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) қазақ тілінде жазба жариялады.

«Қош келдіңіз, құрметті серіктес, құрметті дос. Сіздің мемлекеттік сапарыңызбен біз Қазақстан мен Францияны, қазақстандықтар мен француздары біріктіретін терең достықты атап өтеміз», – деген Франция президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапарына орай позицияны Эммануэль Макронның жазбасынан бастағанымыз – біріншіден, жанымызда дерлік имперлік пиғылдағы соғыс болып жатқан, екіншіден, дамушы елдердің инвестицияларға таласы күшейген осы уақытта жан-жағымыз бен өзіміздің тіршілікке реал қарай алатын пайым иесі ретінде бұл сапардың мемлекет үшін өте-мөте маңызды екеніне меңзеу. Францияның әлемдік экономикадағы, әлемдік саясаттағы орны туралы тәптіштеп түсіндіру артық. Франция, ол – Франция.

Бұл өзімізді кемсіту емес. Бұл «табанның астында тапталып қалмау» және мемлекет дамуы мен болашағы үшін түйіні күрделі «өрнек» тоқылып жатқанына нұсқау. Бұл жолда кейде күлімсіреп ғана, басыңды мақұлдап изейтін қадамдар жасалады...

Эмманюэль Макронға сыйлаған қазақы тазының екі күшігі өсіп қалыпты. Елисей сарайының бауында екеуі серуендеген, Жюль және Жанна деп аталған тазылар жып-жылтыр болып жұтынып тұр.

Айтпақшы, Макрон қазақша жазбаны бірінші рет жариялап тұрған жоқ. Мысалы, былтыр өзі Астанаға келгенде «Ірі державалар үстемдікке қайта ұмтылған, ал кейбірінен болжауға болмайтын әрекет күткен әлемде жаңа перспективаларды ортақ етуге және бірге құруға болатын серіктестер мен достарға сене алу өте бағалы. Қазақстан мен Франция солардың қатарына кіреді», - деген жазба жариялаған. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың «орта державалар, оларды тыңдау, есіту» концепциясының кішкентай болса да нәтижесі.

Қазақстан Президентінің Францияға мемлекеттік сапарын Оңғар Алпысбайұлы хаттады.


Хабарламаларға жазылу