Шымкентте ұстаздар қудаланып, балалар мектептен кетіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте ұстаздар қудаланып, балалар мектептен кетіп жатыр

31.10.2024

Шымкентте мектеп әкімшілігінің бассыздығынан білім ұясы жабылып, ұжым тарқап кетудің аз-ақ алдында тұр. Бір тоқсан бойына толыққанды сабақ өтпеген соң оқушылар басқа мектепке ауысып кетіп жатыр. Шағымданушы тараптың айтуынша мұғалімдер өзара тартысып, бір-біріне қысым көрсетуге дейін барған. Мектептегі ушыққан мәселе қалай шешілмек? Меншікті тілшіміз анықтады. 

Рита Әбсеметова үш баласын қайда апарып оқытарын білмей дәл. Жақын маңда қазақ мектебі жоқ. Ал өздері оқып жүрген білім ұясындағы жағдай күннен күнге күрделініп барады. ҰБТ сынағына дайындық, тәрбиелік шаралар мен үйірме жұмысы ұмыт болғалы қашан.

Рита Әбсеметова, ата-ана:

Мектепте түсініксіз жағдай. Оның бәрі баламызға кері әсер етіп жатыр. Сабақ кестесі мүлдем жоқ. 
Бұл жағдайды мектеп директоры да растап отыр. Оқу жылының басында он мұғалім жұмысын тастап кеткен.

Асылбек Сапарбаев, мектеп директоры:

Он маман жұмыстан шығып, 10 маманды қабылдап алу үшін қыркүйек соңына дейін уақыт жоғалттық. Соған байланысты кейбір пәндерде олқылық болғаны рас. Сабақ кестесінде де өзгерістер болды.
Білмнен мән кеткен соң балалар шетінен өзге мектептерге ауысып жатыр. Кезіндегі 400-ден астам оқуышыдан қазір небәрі 186-ы ғана қалған. 9-дың бір сыныбы тұтас жабылды. Ал 10 мен 11-де 6-7 ғана оқушы қалған.

Ақсәуле Қарабек, физика пәнінің мұғалімі:

Мысалы бір сабаққа оқушыда басқа кесте болса, бізде басқа кесте. Бір сабаққа үш мұғалім кірген кездер болды. Немесе мүлдем мұғалім келмей балалар бос отырды. Соны бірнеше мұғалім айттық. Содан бері қыспаққа ұшырап, жатырмын. 
Бүгін мектептегі педагогикалық кеңес тартыспен басталып, ақыры бір ұстаз естен танып құлаған соң аяқталды.

Сондай-ақ мектепте мұғалімдердің жалақасын ұстап қалу, ақша талап ету де қалыпты жағдайға айналған дейді ұстаздар.

Қымбат Әлімжан, информатика пәнінің мұғалімі:

Жас маман болып кірген кезімізде 300 мың теңге талап етті. Өткен сабақтарыммен 13 сағатыма жалақы алдым, ал жарты ставканы төлеген жоқ. Оның кімге түсіп жатқанын білмеймін.
Білім басқармасы жуырда №98 мектепке кешенді тексеру жүргізді. Бірқатар кемшіліктерді анықтады.

Әшірбек Әдиев, Қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

Біліктілік талаптарына сәйкес жұмыстар атқарылмаған. Психологиялық жұмыс атқару керек. Ол жерде де кемшілік көп. Яғни оқушылар да, мұғалімдердің де жұмысы кемшін.
Енді бұл мәселелерді білім басқармасы жанынан құрылған комиссия сарапқа салмақ. Осы жиында мектеп директоры мен оның орынбасарларының және бірқатар ұстаздардың тәртіптік жауапкершілігі қаралып, жұмысына сай немесе сәйкес емес екені туралы шешім шығарылады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу