Брюссельде Орталық Азия - Еуропа креативті форумы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Орталық Азия - Еуропа креативті форумы ашылды

23.09.2024

Брюссельде Орталық Азия - Еуропа креативті форумы ашылды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты – аймақтың 5 мемлекеті мен Еуропа елдері арасында креативті индустрия саласында ынтымақты арттыру, тәжірибе алмасу. 5 күнге созылатын форумның алғашқы күні Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстаннан келген 12 дизайнердің көрмесі өтті. Шығармашылық иелері көпшілікке бағалы маталардан тігілген ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдарды ұсынды. Қазақстандық зергер Таймас Мұқашевтің заманауи стильде жасалған әшекей бұйымдары да, еуропалықтар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Таймас Мұқашев, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:

Бірінші рет келіп жатқаным Бельгияға өзіміздің туындыларымызды көрсетейін деп, бұйымдарымызды ою-өрнектермен көмкерілген. Ел көріп, елге көрсетіп дегендей.

Елена Харитонова, Орталық Азия – Еуропа креативті форумының ұйымдастырушысы:

Бельгиялық, француз, нидерландтық дизайнерлер Орталық Азиядан келген әріптестерімен тәжірибе алмасып, көрмеде ұнатқан заттарын сатып алып жатыр. Қазір еуропалықтардың аймаққа қызығушылығы өте жоғары. Орталық Азиядағы бірлік, қонақжайлық, бір-біріне деген қамқорлық, осы құндылықтарды еуропалықтар өзіне сіңіреді деген сенімдеміз.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу