Комбайн тізгіндеп, темір дәнекерлейді. Жамбыл облысының Меркі ауылында ерлерге тән жұмысты еш қиналмай атқарып жүрген Әсел мен Жазираға елдің ықыласы ерекше. Олар өз білгендерін жастарға үйретіп, орта оқу орнында сабақ та береді.
Соңғы кезде бұл мамандыққа қызығушылық арта түскен. Өйткені келер жылы жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Яғни, мемлекет тарапынан жұмысшы мамандарға жағдай жасалады деген үміт бар.
Жазира Мәдібаева темір дәнекерлеудің әліппесін әкесінен үйренген. 15 жасында темірден түйін түюге қызығушылығы оянады. Кейін өзін дамытып, машығын мамандыққа айналдырады. Бүгінде №9 Меркі колледжінде өз білгенін студенттерге үйретіп жүр. Соңғы 7 жылда 200-ден аса шәкірт шығарған. Алты баланың анасы еңбектің ебін тапсаң ауыр жұмыстың өзі жеңіл жүреді дейді.
Жазира Мәдібаева – дәнекерлеуші:
Дәнекерлеу ісі өзі бір поэзия сияқты. Біздің жасап жатқан бұйымымыз дайын болған кезде біткен бір өнер туындысы секілді, өлең секілді. Біз оны сүйіспеншілікпен қабылдаймыз, ләззат аласың, өзіңе сондай қанат біткендей болады.
Ал Әсел Рақаева трактор жүргізіп, комбайн көлігін басқарады. Жалпы жүк көліктерінің кез-келген түрінің тілін біледі. Жаздың күні алқап басына барып, ауылдықтарға астық жинауға көмектеседі. Ал қыркүйекте қырманнан қайтып, өз білгенін өндірістік тәжірибе сабақтарында студенттерге үйретеді.
Әсел Рақаева – Өндірістік оқыту шебері:
Жұмыстың жаманы жоқ. Еңбектің бәрі қадірлі. + Әйел адам ас үйде өзін қалай еркін сезінсе, солай мен ауыр техниканы басқару кезінде өзімді солай еркін сезінемін. Ас үйде қалай тамақ жасап көрсетсем, бұл техниканы да басқару солай маған қолайлы.
Еңбегімен ерекшеленген нәзік жандыларымыз Президент өз Жолдауында 2025 жылды "жұмысшы мамандықтарының жылы" деп жариялағанына қуанады. Өйткені кәсіби мамандықтарға көңіл бөлу арқылы еліміздің агро саласы да алға жылжиды деп сенеді.
Данияр Әлімқұл