Бельгия елдегі атом реакторларының жұмысын тағы 10 жылға ұзартты. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін әрі көміртектен арылу жоспарын жүзеге асыру мақсатында ел үкіметі осындай шешім шығарды. Сондай-ақ, корольдік кіші модульді реакторларды дамытуға күш салмақ.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бельгиядағы екі атом электр станциясы 70-80-жылдары салынған. Қазір 7 реактор жұмыс істеп тұр. Корольдік электр қуатының 50 пайызын осы атом электр станциясынан алып отыр. Яғни, әр екінші үй шаруашылығы АЭС те өндірілген тоқты тұтынады.
Заң бойынша 40 жылдан аса жұмыс істеген реакторлар 2025-жылы жабылуы тиіс еді. Бірақ, геосаяси ахуалдың ушығуы, энергетикалық дағдарыс, электроэнергияның күрт қымбаттауынан кейін Бельгия үкіметі атом энергетикасынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Тиісінше, «Дул-4», «Тианж-3»реакторларының жұмысын 2035 жылға дейін ұзартты.
Жан Де Брабандер, Брюссельдегі дипломатиялық академияның сарапшысы:
Біз атом энергиясын өндіру бойынша әлемдегі ең алғашқы мемлекеттердің біріміз. Және ядролық қалдықтардың ең үлкен қоры бізде орналасқан. Яғни біз қалдықтарды қалай сақтау керектігіне қатысты ілім-білімді жетілдірдік. Бельгия Париж келісіміне сәйкес декарбонизация міндеттемесін орындауы тиіс. Ол үшін ядролық энергетиканы дамытудан басқа балама жоқ.
Бельгия жел генераторлары мен күн панельдерінен қазір тек 15 пайыз электроэнергия алып отыр. Ядролық бағдарламаны жетілдірмесе, 2026-2027 жылдың қысында ел тоқ тапшылығының зардабын тартады, дейді сарапшылар.
Серж Доби, Бельгияның ядролық форумының бас директоры:
Тоққа сұраныс күннен күнге артып келеді. Электромобильдерді зарядттау керек, май жылытқыштарды жылу насостарымен ауыстыру керек, оның бәріне электроэнергия қажет. Ол үшін атом энергетикасы сияқты тұрақты энергия керек.
Ядролық инновацияны жетілдіру үшін Бельгия үкіметі елдің ядролық зерттеулер орталығына 100 млн еуро инвестиция құюға шешім қабылдады. Орталық енді радиоизотоптарды медицинада қолдануға, ядролық реакторлардың жаңа буыны саналатын-шағын модульді реакторлар жасап, атом энергетикасын қайта жаңғыртуға басымдық бермек.
Нұрсұлу Қасым