Құсбегілер сайысының алғашқы кезеңі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құсбегілер сайысының алғашқы кезеңі аяқталды

12.09.2024

Бүгін құсбегілер сайысының алғашқы жарыс күні өтті. Іріктеу және жартылай финалдық кезеңдерге Дархан Рахымжан куә болып қайтты.

Әлемнің әр жерінен 18 бүркіт, 12 сұңқар, 12 қаршыға әкелінген. 42 спортшының бабы сыналатын шақ. Біздің елдің намысын әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген 9 құсбегі қорғап жатыр.

Берік Уәли, Құсбегілік федерациясының президенті:

Өздеріңіз көріп отырғандай құсбегілікке қызығушылық өте жоғары. Бүгінгі таңда 11-дей мемлекеттен 42 спортшы қатысып жатыр. Испания, Канада, Мажарстаннан келген өнерпаздар жарыстың көркін қыздырып жатыр.

Саятшылық өнерді серік еткен спортшылардың арасында жанкүйерлерге жақсы таныс Недим Қызылбұға да бар. Түркиялық құсбегі Тарлан атты бүркітін жарысқа қосып отыр. Өзі де қазақ тілін үйреніп, көп жылдан бері ұлтымыздың дәстүрі мен мәдениетін зерттеп келеді.

Недим Қызылбұға, құсбегі /Түркия/:

Қазақтың суын іштім, тамағын іштім. Қазақ сияқты бүркітші болдым. Бұл жердегі қазақ ағайындардан бүркітшіліктің сырын үйрендім. Бұл құс – қасқыр алады, түлкі алады, қоян алады. Бұл құс – жүректі құс.

Көп жанкүйердің ішінен әлемге әйгілі бүркітші қызымыз Айшолпан да көзге түсті. Ол «Құсбегілер» сайысын көзбен көріп, жанкүйер болуға арнайы келген.

Бүгінгі жарыс күнінде толық 10 ұпай жинаған қатысушылар финалдық бәсекеге жолдама алды. Ақтық дода ертең Астана уақытымен 10:00-де басталады.

Дархан Рахымжан

Хабарламаларға жазылу