Өнім мол бол, бірақ өткізетін жер жоқ. Жамбылдық шаруалар биыл қант қызылшасын жинауда рекорд жаңартуға жақын. Аймақ бойынша алынатын дақыл 640 мың тоннадан асады. Бұл жылдағыдан үш жарым есеге көп. Алайда, шаруалар дақылдарымыз далада қала ма деп қорқады. Өйткені өңірде қызылша қабылдайтын бір ғана зауыт бар.
Биыл ауа райы қызылша еккен қожалықтар үшін қолайлы болды. Суды да қанып ішкендіктен тәтті түбір тұқымы бітік шыққан. Гектарына 950 центнерден өнім жиналып жатыр.
Ал алқап басындағы ағайын өнімдерін өткізе алмай қаламыз ба деп алаңдайды. Өйткені биыл аймақта 11 мың 200 гектарга егілген тәтті түбір түсімі 640 мың тоннадан аспақ. Рекордтық көрсеткішке жететіні қуантады. Алайда қызылша қабылдайтын зауыт тек Меркі ауданындағы ғана жұмыс істеп тұр. Тараздағы зауыт сырттан келетін қант құрағын ғана өңдейтіндіктен жергілікті жерде жиналған өнімді қабылдамайды.
Ерболат Саурықов, қожалық жетекшісі:
Бір комбайн күніне 100 тонна жүреді де болды, тұрады, демалады. Өйткені мына жақ қабылдап үлгере алмаймыз, сыймайды дейді. Біздің қазір ауданға 400 тонна лимит берді. Ауданда 1 500 га егілген. Оны күніне 400 тонналап зауыт қабылдаймыз дейді. Ол жаңа жылға, қаңтар айына дейін кетіп қалайын деп тұр. Қардың астында қалып кетеді.
Ал «Меркі қант зауыты» күні кеше ғана жұмысына кірісті. Серіктестік қызылша қабылдауды биыл 1 айға ерте бастаған. Олар өнімін өткізуге келген шаруаларды шеттетпейміз деп отыр. Биыл 450 мың тоннаға дейін қабылдауға қауқарлы.
Нұржан Қарғабаев, «Меркі қант зауыты» ЖШС бас директоры:
Биыл зауыт ерте ашылып жатыр. Қызылша көбейді. Енді мына автоматтылық қосылып, кішкене көбейтейік деп жатырмыз. Қазан айында тәулік бойы жұмыс істейміз.
Диқандар жеткізген дақылдың келісі 40 теңгеден қабылданып жатыр. Оның 25 теңгесі мемлекеттен, қалғаны зауыт тарапынан төленеді. Ал «Меркі зауыты» өз межесіне жеткенде сыймай қалған өнімді сыртқа жөнелтпек.
Нұрдәулет Лесбек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:
Басым бөлігін «Меркі қант зауытына», қалған бөлігін «Ақсу» қант зауытына тасымалдау жоспарланып отыр. Ақсу қант зауытына тасымалдау үшін жолына 45 теңге төленеді, Ақсу қант зауытынан келісіне 45 теңге төленеді. Қырғыз республикасына жөнелту қазір қарастырылып жатыр.
Жоспар бойынша Жетісу жеріне жеткізілетін өнім көлемі 150 мың тоннаға жуықтайды. Айта кетейік, аймақта тәтті түбір тасымалына төленетін тариф құны 3 теңге болып белгіленген. Бұл шығынымызды ақтамайды деген шаруалар бағаны бес теңгеге көтеруді ұсынбақ.
Данияр Әлімқұл